«СҚ-Фармация» бюджет қаражатын орынсыз шығындаған ба?

Жарияланды
СҚ Фармация
«Әділдік жолы» ұйымының атқарушы директоры «СҚ-Фармация» бюджет қаражатын шығынданы туралы жазды. Фото: архив kursiv.media

«СҚ-Фармация» ЖШС 3 жылда 10 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын талан-тараж еткенін «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов өзінің Facebook парақшасында жазды.

Оның дерегінше, тек бір вакцинаны сатып алуда ғана бюджетке осыншама шығын келген.

Дидар Смағұловтың жазуынша, «СҚ-Фармация» 2017 жылдан бері француздың Sanofi компаниясы өндіретін гепатит, көкжөтел, сіреспе ауыруларына қарсы әмбебап вакцинаны сатып алады.

«Әдетте оны үнемі бір бағамен, дозасын 14 333 теңгеге 2 компания: Медикс пен Князь Фарма Лтд жеткізіп тұрды», деп жазады Смағұлов.

Оның дерегінше, компания әдетте орта есеппен 600 000 дозадан астамын сатып алады екен.

«Алайда, 2019 жылы күтпеген жағдай болды: тендерді Казбеледфарм ұтып алды, ол 624 077 доза вакцинаны бар жоғы 8431 теңгеден, 5,3 млрд теңгеге жеткізіп берді», деп жазды «Әділдік жолы» ұйымының атқарушы директоры.

Дидар Смағұловтың Facebook парақшасынан алынды

Дидар Смағұловтың жазуынша, «СҚ Фармация» келесі, яғни, 2020, 2021,2022 жылдары аталған вакцинаны Медикс пен Князь Фарма Лтд арқылы жеткізуді жалғастырғанын жазыпты. 2020 жылы бір доза үшін 14 183 теңге, ал одан кейінгі екі жылда 13 442 теңгеден төленген.

«Егер 2020, 2021, 2022 жж вакцина әділ бағада 8431 теңгеден жеткізілсе, онда бюджеттің 10 524 716 771 теңгесі артық шығындалмас еді. Бұл қаражатқа қосымша дәл осы вакцинаның 1 248 335 дозасын сатып алуға болар еді», деп жазады Дидар Смағұлов.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрылымына кіретін «СҚ-Фармация» ЖШС құру туралы Үкімет шешімі 2009 жылдың ақпанында қабылданған. Үкіметтің 2013 жылғы 25 мамырдағы №516 қаулысымен «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 100% қатысу үлесін иемдену және пайдалану құқықтары Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. 

2012 жылдан бастап «СҚ-Фармация» ЖШС республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын медициналық техниканы сатып алудың, сондай-ақ оны одан әрі қаржылық лизинг шартымен денсаулық сақтау ұйымдарына берудің ұйымдастырушысы.

«Медициналық техниканы орталықтандырып сатып алу функциясының берілуіне байланысты, «СҚ-Фармация» ЖШС-ның алдына республика шеңберінде орталықтандырып сатып алу және екі кезеңдік тендер рәсімін қолдану есебінен құнын төмендету, сатып алынатын жабдықтың сапасын одан әрі арттыру және оның жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету міндеті қойылған», делінген компания сайтында.

Еске сала кетейік, Антикор «СҚ-Фармация» қызметінде жемқорлық бар-жоғына талдау жүргізетінін хабарлаған едік.

Талдау шеңберінде медициналық бұйымдарды сатып алу, аурухана мен емханаларды салу және жөндеу, сондай-ақ медициналық мекемелер қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу қоры және «СҚ-Фармация» ЖШС қызметі мәселелері зерделенеді.

Бұл жұмысты Агенттік, Денсаулық сақтау министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері және азаматтық қоғам өкілдері жүргізеді.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды талдауға қатысуға шақырады.

«СҚ-Фармация» компаниясына «Әділдік жолы» ұйымы көтерген мәселеге қатысты редакция сұрау салды. Жауабы қосымша хабарланады.

Сондай-ақ оқыңыз