Темекі шегетіндерді емдеуге жыл сайын 300 млрд теңге жұмсалады – Денсаулық министрі
Денсаулық минисьрлігі темекіден зардап шеккен науқастарды емдеуге жылына 300 млрд теңге жұмсайды. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар алаңында өткен жиында Денсаулық министрі Ажар Ғиният айтты.
Журналистер министрден темекіге қарсы күреске қанша қаражат кететінін сұрады. Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласы темекі шегудің салдарымен күресуге қомақты қаражат жұмсалатынын айтты. Темекі шегудің соңы өкпе, қан тамырлары, тыныс алу жолдарының ауруларына әкеп соғатынын айтқан министр, бұл аурулардың барлығын емдеуге жылына 300 млрд теңге кететінін айтты.
«Қарап отырсаңыз, біз темекі шегудің зардаптарымен күресуге жылына 300 млрд теңге қаражат жұмсайды екенбіз. Яғни емге, ота жасауға, емдеуге, дәрі-дәрмекке, оңалтуға осындай қаражат кетеді», деді.
Ол сонымен бірге министрлік тарапынан темекі шегудің алдын алу мақсатында да іс-шаралар атқарылатынын айтты.
«Медицина қызметкерлері бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Үнемі салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Әрбір емханада сауықтыру кабинеттері/мектептер, темекіге қарсы кабинеттер, сондай-ақ жастар орталықтары ашылып, онда балалар мен жасөспірімдер тек темекі шегудің зияны туралы ғана емес, сонымен қатар алкоголь мен есірткінің зияны туралы да оқытылады. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын аймақтарға 500 млн теңге бөледі», деді министр.