Жаңалықтар

Экономикада қарыздың «көпіршігі» пайда болу қаупі бар – сарапшы

фото: kursiv.media

2023 жыл, 25 тамыздан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені соңғы үш жылда тұңғыш рет төмендетті. Нәтижесінде, базалық мөлшерлеме +- 1% дәлізімен 16,5% деңгейінде қалыптасты. Яғни, мөлшерлеменің 25 базалық тармаққа түсті.

Экономикалық зерттеулер институты сарапшысы Тоқтасын Бақбергеннің пікірінше, Негізінен, инфляцияны тежеу үшін жоғары базалық мөлшерлеме теориялық тұрғыдан қажет, өйткені кредиттер қымбаттап, ал депозиттер тиімдірек болуы тиіс. 

«Нәтижесінде, базалық мөлшерлеменің жоғарылауы тауарлар мен қызметтерге сұранысты шектеуі керек, ал бұл баға деңгейінің төмендеуіне әкелуі тиіс», деп жазады сарапшы Тоқтасын Бақберген.

Автордың Ұлттық Банктің мынадай деректерін келтірген: орташа есеппен банк жүйесі ай сайын өзінің кредиттік портфелін айына 1,7%-ке ұлғайтады. Жылдық мәнде кредиттік портфель 2023 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша 2022 жылғы тамыздың қорытындысымен салыстырғанда 23%-ке өсті.

Сарапшының жазуынша, 2023 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша банк жүйесінің кредиттік портфелі 25,4 триллион теңге деңгейінде қалыптасты, бұл шілдемен салыстырғанда 2,3%-ке артық.

«Қалыпты экономика үшін ел ішіндегі қаржылық операциялардың негізгі үлесі ұлттық валютада жүргізілуі өте маңыздыөйткені бұл халықтың өз валютасына деген сенімін білдіреді және ел халқының қаржылық тұрақтылығына оң әсер етуі мүмкін бағам белгілеудің сыртқы күйзелістерін теңестіруге мүмкіндік береді», деп жазады сарапшы.

Тоқтасын Бақберген портфель құрылымында ұлттық валютада берілген кредиттер басым екеніне назар аударған. Оның дерегінше, олардың үлесі 2022 жылдың басындағы 90%-тен 2023 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша 93%-ке дейін өсті. Жалпы, Қазақстанда ұлттық валютадағы кредиттердің өсуі оң құбылыс болып табылады. 

Ұлттық валютада берілген кредиттердің көлемі өсті / economy.kz

«Бұл ел экономикасының дамып келе жатқанын және кәсіпорындар мен халықтың өз шығындары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін пайдалана алатын қаржылық ресурстарға қол жеткізе алатынын көрсетеді», деп жазады сарапшы.

Дегенмен, автор халыққа берілген қарыздардың үлесі 50%-тен асатынын мән беріп, тұтынушылық несиелердің өсуіне қатысты өз қаупін жеткізіпті.

«… 2023 жылы тұтынушылық қарыздардың үлесі 2 п.т. өсіп, жеке тұлғаларға берілген қарыздардың жалпы санынан 2/3 құрайды. Мұндай серпін ұзақ мерзімді перспективада елге күрт теріс әсер етуі мүмкін, өйткені экономикада қарыздың «көпіршігі» пайда болу қаупі бар, бұл кейіннен дағдарысқа немесе рецессияға әкелуі мүмкін», деп жазады сарапшы.

«Айта кету керек, ЕДБ кредит портфелінің құрылымындағы ШОБ-қа жатпайтын заңды тұлғалардың қарыздарының үлесі соңғы бір жарым жылда 20%-тен аспайды» деп жазады автор. Сарапшының пікірінше,  бұл портфель дефолтының ықтимал жоғары тәуекелдерін тудырады.

«Өйткені экзогендік немесе эндогендік шокты жүзеге асырған жағдайда халықтың табысы және одан әрі шағын және орта бизнес субъектілері зардап шегуі мүмкін, бұл бүкіл банк секторының қаржылық тұрақтылығының айтарлықтай нашарлауына әкелуі ықтимал», деп санайды экономист.

Тоқтасын Бақберген қарыз портфелінің сапа серпіні оң екеніне атап өтіпті. Сонымен қатар, берілген кредиттердің 90%-тен астамы өтімді екеніне және мерзімінде өтелетініне, ал, мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың жалпы үлесі 10%-тен аспайтынына назар аударады. Дегенмен, оның дерегінше, берешегі 90 күннен асатын қарыздар жыл басынан бері өсіп келеді. 

«Осылайша, 2022 жылдың басында олардың үлесі 3,3%-ті құрады, ал 2023 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша олардың үлесі 3,5%-ті құрайды», деп жазады сарапшы.

Айта кету керек, 2023 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша 8 рет шешім қабылдайды. 6 қазан күні мөлшерлеме бойынша кезекті, осы жыл үшін жетінші шешім қабылданады.