Алматы мен Астанада сауда орталықтары бар кәсіпкердің компаниясы жарғылық капиталын 346 есе өсірген
Фото: kursiv.media
Ақмола облысында қиыршық тас пен құм өндіретін Arcada Industry компаниясы жарғылық капиталын 345,8 есе өсіріп, 725 мың теңгеден 250,7 миллион теңгеге жеткізді. Бұл жайында Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтындағы ақпаратта жазылған. Компания Қазақстанның екі ірі қаласында сауда орталықтарын салған кәсіпкер Александр Игнатущенко мен Алексей Нефедовқа тиесілі.
Жарғылық капиталдың бірнеше есе артуына Arcada Insustry-дің үш құрылтайшысы: NEGMA және ARCADA компаниялары, сондай-ақ Александр Игнатущенконың қосымша жарна құюы себеп. NEGMA мен ARCADA әрқайсысы 100 миллион теңге, Игнатущенко 50 миллион теңге қосты.
Екі компания да Arcada компаниялар тобына иелік ететін Алексей Нефедовке тиесілі. Ол Астана мен Алматыдағы Asia Park, сондай-ақ Алматыдағы Mart және Mart Village сияқты сауда орталықтарын салып, басқарумен айналысады. 2010 жылдардың екінші жартысында Нефедов Forbes журналының Қазақстандағы ең ірі рантье мен ең ықпалды бизнесмендердің рейтингтеріне енген. Әкесі Петр Нефедов 1992–1997 жылдары Қарағанды облысының әкімі болған.
Arcada Industry 2000 жылы құрылған. Кәсіпорын қиыршық тас пен құм өндіру, сатумен айналысады. Оның негізгі активтері – Ақмола облысындағы Вишневское гранит кен орны және сонда орналасқан қиыршық тас зауыты.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Arcada Industry 1,2 млрд кіріспен 395,7 млн теңге шығынға ұшырады, Жарғылық капитал бірнеше есе ұлғайғанға дейін жалпы актив көлемі 5,4 млрд теңгеге тең болды.