Жаңалықтар

«Ата жолы» картасына шетелдегі қазақтардан қанша өтініш түсті?

Фот: gov.kz

Мемлекет биылдан бастап «Ата жолы» миграциялық картасын айналымға енгізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, жыл басынан 50 өтініш келіп түсіп, қазір 12 адамға «Ата жолы» картасы берілген.

Оның мақсаты – этникалық қазақтар үшін Қазақстанға кіру мүмкіндігін оңайлату, шеттегі қазақтардың елімізде кәсіп ашып, бизнесті дамытуға қатысты жобаларын қолдау.

«АҚШ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан сияқты елдерде тұратын этникалық қазақтарынан келіп түскен 12 өтінішке оң шешім қабылданды. Бұл адамдар келесі қажетті мамандықтарға ие: анестезиология-реаниматология дәрігері, білім беру саласындағы ғылыми қызметкерлер, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер және инженерлер. Сондай-ақ «Ата жолы» картасын алған адамдардың тізімінде сауда және өндіріс саласында өз қызметін жүзеге асыратын бизнес-иммигранттар бар», деді министрлік өкілі.

Картаны иеленген шетелік қазақ өзі тұратын елдің азаматтығын сақтай отыра, Қазақстанда еңбек ету, өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Карта 10 жыл мерзімге беріледі және қажет болса мемлекет карта мерзімін тағы он жылға ұзартып беруі мүмкін.

«Ата жолы» картасының иегері мынадай артықшылықтарға ие:

  • Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету;
  • ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес ҚР аумағында жұмысқа орналасу;
  • Қазақстан аумағында Кәсіпкерлік кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
  • ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
  • «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;
  • Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады.

Бұдан бөлек, картаға ие болған азаматтар үшін қазақстандық заңнамаға сәйкес жұмысқа орналасу немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығы, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде әлеуметтік төлемдер жүргізу және қызмет алу, тегін орта білім алу, Мемлекеттік мекемелерде тегін арнаулы орта немесе жоғары білім алу конкурсына қатысу немесе жеке оқу орындарында ақылы оқу және басқа да мүмкіндіктер қолжетімді болады.

Алайда карта иеленген азаматтар мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға түсе алмайды, республикалық референдумға қатыса алмайды, мемлекеттік қызметке кіре алмайды. Ал егер сөйтіп жүріп ол Қазақстан азаматтығын алар болса, онда картасы жарамсыз деп танылады.

Картаны берер кезде бірқатар факторлар ескеріледі. Олар – Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсібінің болуы, үміткердің Қазақстанда талап етілетін кәсіп істеуі және тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы.

Сонымен бірге, тұжырымдама аясында инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың долларға дейін (шамамен 140 млн теңге) төмендету қарастырылған. Осындай көлемде инвестиция салған шетелдік кәсіпкерге Қазақстан «Инвесторлық виза» беруге дайын. Ондай визаның арқасында азамат ел аумағында тұру, бизнесін тіркеу, мүлікке иелік ету, қызметкер жалдау, қаржы төлемдерін жүргізу және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.

«Ата жолы» картасын алу үшін «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру немесе Қазақстан елшілігіне жүгіну қажет. Тіркелгеннен кейін өтінім бес жұмыс күні ішінде қаралады, содан кейін әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы жергілікті атқарушы орган сол қосымша арқылы алушыны құжаттың ұсынылғаны туралы хабардар етеді.

Келгеннен кейін «Ата жолы» картасының иегері ықтиярхатты ресімдеу үшін аумақтық ішкі істер органдарына жүгінуге тиіс.Карта алынған санатқа байланысты этникалық қазақ не жұмыс берушімен шартқа қол қояды және оны «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде» тіркейді, не өзінің бизнес-жоспарын жүзеге асыруға кіріседі.