6 қазан күні Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы кезекті шешімі жарияланды.
Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, Ұлттық банктің түсіндіруінше, базалық мөлшерлеменің 0,50 пайыздық тармаққа бірден төмендеуінің өзіндік себебі бар.
«Инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізді. Дегенмен, сыртқы секторда және экономика ішінде проинфляциялық тәуекелдер болуына байланысты 2023 жылы оны одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын жеңілдету жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда қаралатын болады», деп хабарлады бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті бекітілген шешім қабылдау кестесіне сәйкес жылына 8 рет қабылдайды.
Жыл басынан бері 6 рет мұндай шешім қабылданды. Оның бесеуінде базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде сақталып қалды. Тек, 25 тамыз күні ғана соңғы үш жылда алғаш рет базалық мөлшерлеме төмендетіліп, 16,50% мәнінде тоқтады.
Айта кетейік, Ұлттық банктің жаңа басшысы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендету қажет екеніне мән берген болатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.