«Міржақып. Оян, қазақ!» үлкен экраннан алынып тасталды: Ұлттық арнаның шешімі ме?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің үлкен экрандағы көрсетілімі тоқтады. Қалың көрермен фильмнің үлкен экраннан не себепті ерте кеткенін түсінбеді. Себебін фильмнің режиссері Мұрат Есжан айтты.

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кестеде неге жоқ деген сұрақтар таң атқалы көптеп келіп жатыр. Шығармашылық топ, яғни, біз прокатпен айналысқан жоқпыз, десе де, мына нәрсені айтқым келеді. Фильм 21 қыркүйектен бастап тура екі апта бойы кинотеатрларда көрсетілді. Негізі прокат мерізімі өткен жексенбі аяқталған болатын, алайда көпшіліктің сұранысына байланысты 4 қазанға дейін ұзартылды» -дейді режиссер.

«Kinopark» кинотетарлар желісі 1 қазан күні туынды көрсетілімі тоқтайтынын хабарлаған.

«Осы демалыс күндері — 30.09.2023-01.10.2023 — «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильмінің кинотеатрларда көрсетілімінің соңғы күндері. Сондықтан үлкен экраннан көріп, үлгеріп қалыңыздар!»- деп хабарлаған Kinopark.

Өз кезегінде бұлайша көрсетілімді аяқ асты тоқтату «Қазақстан» телеарнасының шешімі екені хабарланады. Kinopark кинотеатрлар желісінің PR-директоры Ерлан Бұхарбаев қазақ фильмдерін үлкен экранға шығаруға компанияның әрқашан да қолдау көрсететінін, «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысының көрсетіліміне кинотеатрлар желісінің ешқандай кедергі келтірмегенін айтқан.

«Cinemas Kinopark және Kinoplexx ұлттық және басқа да қазақстандық фильмдерге үнемі қолдау көрсетеді. Біздің кинотеатрлар желісі бұл фильмді Қазақстанның барлық он қаласында көрсету бастамасын бірінші болып көтерді және бұл өте сәтті бастама болды. Бірақ күтпеген жерден фильмнің авторлық құқығын иеленуші – «Қазақстан» телеарнасы өз жобасын Қазақстанның кинотеатрларында таратуды тоқтату туралы шешім қабылдады. «Қазақстан» телеарнасы бұл фильмді тек өз арнасында көрсетуді жөн көреді. Сондықтан барлық сұрақтар мен ұсыныстарды фильмнің авторлық құқық иегері «Қазақстан» телеарнасына жолдау керек», деп мәлімдеді Ерлан Бұхарбаев.

Ал фильмнің қоюшы режиссері туындының үлкен экранға шықпай қалуынан түрлі астар іздеудің қажеті жоқ екенін айтты.

«Жалпы, 6 сериялы телехикаядан көркем фильм жасау, оны үлкен экран арқылы көпшілікке ұсыну «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тікелей идеясы мен ұсынысы болатын. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондықтан прокат мерізімінің аяқталуынан қандай да бір астар іздеп, тараптарды кінәлаудың орны жоқ деп санаймын. Уақыты мен қаржысын қиып, келген, көрген, таратқан барша көрерменге алғысымыз шексіз!», – дейді Мұрат Есжан.

Көріп үлгермей қалған адамдар туындыны жақын арада «Qazaqstan» арнасынан және онлайн-платформалардан көре алатынын жеткізді.

Өз кезегінде «Qazaqstan» Ұлттық арнасына да сұрау салдық.

«Өткен аптаның соңында тоқтатылуы тиіс болған, сұранысқа орай төрт күнге созылды. Жалпы 15 күн бойы жүрді прокатта. Фильм жақын арада «Qazaqstan» арнасының эфирінде және жаңа онлайн-платформасында көрсетіледі», – деп жауап берді, Ұлттық арнаның баспасөз хатшысы Айдын Дүйсенбайқызы.

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі ақын, жазушы, көсемсөз шебері, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының қайраткерлік қырын ашады. Сонымен қатар, фильмде сол заманның ауыртпалығы ашық сипатталады. Қуғын-сүргін, аштық, сатқындық бәрі де фильмде көрініс тапқан. Патшалық Ресейдің озбырлығы мен әсіресе, Кеңес өкіметінің кесапаты кеңінен сипатталады. Сол үшін де фильмді үлкен эраннан алынуында «саяси астар бар болуы мүмкін» деген болжамдар айтылды.

«Халықтың қаржысына түсірілген фильм емес пе?! Халықтың сұранысы жоғары болса, экрандарға неге шығармасқа? Қазақ оянып кетеді деп қорқа ма билік?! Прокат ұзартылсын! Кемі бір ай тұруы керек еді», деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Расында, залдарды көрерменге лық толтырған, халықтың оң бағасын алған, қазақ фильмінің прокатын «Қазақстан» телеарнасы неден және кімнен қорқып тез тоқтатып тастағаны түсініксіз.

Сондай-ақ оқыңыз