«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің көрсетілімі бір аптаға ұзарды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі үлкен экранға оралады. Бұл жайлы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспсаөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы аудитория сұранысына байланысты «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің кинотетарлардағы көрсетілім мерзімін тағы бір аптаға ұзартты. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі өткен жылы Корпорацияның толықтай мемлекеттік тапсырыс негізінде түсірілген 6 сериялы телехикаядан дайындаған кинотуындысы. Яғни, фильм мемлекеттік қаражат есебінен түсірілді. Келісімшартқа сәйкес фильм 21 қыркүйектен бастап барлық қалалардағы үлкен экрандарда 15 күн бойы прокатта жүрді. Бұдан бұрын бір рет сұранысқа сәйкес көрсетілім 4 күнге ұзартылған», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, осыған дейін фильмнің экрандардан алынып тастағаны туралы ақпарат тарады. Әлемуттік желі қолданушылары фильмнің негізсіз алынғанын, онда саяси астар бар болуы мүмкін екенін жазды.

Kinopark өз кезегінде бұлайша көрсетілімді тоқтату «Қазақстан» телеарнасының шешімі екенін хабарлады. Kinopark кинотеатрлар желісінің PR-директоры Ерлан Бұхарбаев қазақ фильмдерін үлкен экранға шығаруға компанияның әрқашан да қолдау көрсететінін, «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысының көрсетіліміне кинотеатрлар желісінің ешқандай кедергі келтірмегенін айтқан.

«Cinemas Kinopark және Kinoplexx ұлттық және басқа да қазақстандық фильмдерге үнемі қолдау көрсетеді. Біздің кинотеатрлар желісі бұл фильмді Қазақстанның барлық он қаласында көрсету бастамасын бірінші болып көтерді және бұл өте сәтті бастама болды. Бірақ күтпеген жерден фильмнің авторлық құқығын иеленуші – «Қазақстан» телеарнасы өз жобасын Қазақстанның кинотеатрларында таратуды тоқтату туралы шешім қабылдады. «Қазақстан» телеарнасы бұл фильмді тек өз арнасында көрсетуді жөн көреді. Сондықтан барлық сұрақтар мен ұсыныстарды фильмнің авторлық құқық иегері «Қазақстан» телеарнасына жолдау керек», деп мәлімдеді Ерлан Бұхарбаев.

Ал фильмнің қоюшы режиссері Мұрат Есжан туындының үлкен экранға шықпай қалуынан түрлі астар іздеудің қажеті жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз