Тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін төмендету керек – Тимур Сүлейменов

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажет деп санайды. Бұл жайлы ол Ұлттық банктің баспасөз жиынында айтты.

«Бізге шекті мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыс істеу керек, өйткені 56% – бұл өте жоғары мөлшерлеме. Қазір бізде тұтынушылық несие нарығында бәсекелестік жоғары, банктер бір-бірімен жақсы бәсекелеседі. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары да бар. Банктер арасындағы бәсекелестік, мөлшерлемелерді төмендетуге алып келуі тиіс. Жалпы алғанда, тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлеме ақырындап төмендеуі тиіс деп санаймын», деді Сүлейменов.

Ал тұтынышық қарызды аларда ақылға салу қажеттігін айтты. Әсіресе, бүгін бар, ертең жоқ заттарға қаражат жұмсау орынсыз екенін айтады.

«Тұтынушылық несие бір жағынан айтарлықтай жаман нәрсе боп саналмайды. Егер олар өз мүмкіндіктеріне сүйене отырып, ақылмен тартылса, өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, несие алмас бұрын сіз оны төлей алатыныңызға сенімді болуыңыз керек. Тұтынушылық несиелерді ертең қажетке жарамай қалатын заттарға жұмсамау керек. Мұндай қаражаттың білімге, денсаулыққа, тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмсалғаны дұрыс. Тұтынушылық несие – біздің өміріміздің бір бөлігі. Еңбекке жарамды азаматтардың көбінде тұтынушылық несиелерінің болуында тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен, біз алысты, тереңірек ойлауымыз керек», дейді.

Ал тұрақты табысы жоқ халық, ол қарызды қайтаруға мүмкіндігі болмаса, өздері көтере алмайтын жүкті арқаламауы керек деп санайды. Көп жағдайда олар қаржылық сауаттылығының болмауы себепті өздері ешқашан төлей алмайтын қарызды алып жататынын да айтты. Сол үшін бірінші кезекте қаржылық сауатты болу маңызды екенін атап өтті.

«Біз жинақтау әдетін дамыта білуіміз керек. Қазіргі қоғам тұтынуға құмар, егер жаңа бір нәрсе шықса, оны сатып алуға асығады. Мәселен, 1,5 миллион теңгеге iPhone немес басқа нәрсе алып жатады. Меніңше, бұл мүлдем дұрыс емес», дейді банк басшысы.

Осы орайда Сүлейменов тұтынушылық несиені есепсіз бергенді дұрыс үрдіс деп есептемейді.

«Тұтынушылық несие беруді реттеу керек. Әлеуметтік жағдайды қиындатпау үшін, халықты қарызға жөн-жосықсыз байлап тастау деген нәрсе болмауы керек. Қазіргі таңда парламентте тұтынушылық несие нарығындағы белсенділікті төмендету мақсатында тиісті заң қаралып жатыр. Ұлттық банк макропруденциалдық деңгейде екінші деңгейлі банктердің тұтынушылық несиеден, экономикалық несиеге ауысу мәселесін қарастырып жатыр. Президент атап өткендей тұтынушылық несиелерден гөрі экономикалық несиелерді анағұрлым тиімді ету мақмсаты тұр алдымызда. Бұл орайда экономикалық кредитке арналған салық мөлшерлемесін азайтып, тұтынушылық несиеның салық мөлшерлемесін сақтап қалу немесе көтереміз бе, жолдарын қарастыру керек. Сондай-ақ оның экономикалық, әлеуметтік әсері қалай болатыны толық ескерілуі тиіс», дейді Ұлттық банк төрағасы.

Сондай-ақ оқыңыз