2023 жылы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Клаудия Голдинге «әйелдердің еңбек нарығындағы жағдайын түсінуге көмектескені үшін» берілді.Бұл туралы Интефакс ру хабарлады.
«Әйелдің еңбек нарығындағы рөлін түсіну қоғам үшін маңызды. Клаудия Голдиннің зерттеуінің арқасында біз қазір негізгі факторлар туралы және болашақта қандай кедергілерді жою керек екендігі туралы көбірек білеміз», – деді экономика ғылымдары бойынша сыйлықтар комитетінің төрағасы Якоб Свенссон.
Голдин Альфред Нобельді еске алуға арналған экономикалық ғылымдар бойынша Швеция Ұлттық Банкінің сыйлығымен марапатталған үшінші әйел болды.
Американдық экономист, тарихшы және гендерлік маман Клаудия Голдин 1946 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген. 1967 жылы Корнелл университетінде экономика бакалавры дәрежесін алды, 1969 жылы Чикаго университетінде экономика магистрі болды, 1972 жылы экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алды. 1990 жылы Гарвард университетіндегі экономика факультетінің оқытушылар құрамына қосылды. 2013-2014 жылдары американдық экономикалық қауымдастықтың төрағасы болды.
Голдин әйелдердің экономикадағы орны туралы еңбектерімен танымал. Оның осы саладағы ең ықпалды мақалалары-әйелдердің мансапты дамытуға деген ұмтылысы және отбасына деген адалдығы жайлы.
Нобель комитетінің пресс-релизінде Голдин еңбек нарығындағы гендерлік айырмашылықтардың негізгі себептерін ашқаны атап өтілді. Ол әйелдердің табысы және олардың еңбек нарығына қатысуы туралы алғашқы толық есепті ұсынды. 200 жылдан астам уақыт ішінде мұрағаттық деректерді зерттей отырып, ғалым табыстың гендерлік айырмашылығының себептерін қарастырады, сонымен қатар уақыт өте келе жұмыспен қамту деңгейінің қалай өзгергенін көрсетеді.
Өткен жылы Бен Бернанке, Дуглас Даймонд және Филип Дибвиг «банктер мен қаржылық дағдарыстарды зерттегені үшін»Альфред Нобельді еске алу экономикасы сыйлығының лауреаттары болды.
2021 жылы Американдық ғалымдар Дэвид Кард «еңбек экономикасына эмпирикалық үлес қосқаны үшін», сондай-ақ Джошуа Ангрист пен Гидо Имбенс «себеп-салдарлық байланыстарды талдауға әдіснамалық үлес қосқаны үшін»осы номинация бойынша сыйлықтың лауреаттары атанды.