Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оның дерегінше, 7 қазан күні Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті.
Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс, жедел желісі ашылды. Осы екі күн ішінде отандастарымыздан 500-ден аса қоңырау түсіп, оларға жауап берілді. Қазір Қазақстанның Израильдегі елшілік-консулдық есебінде 77 азамат тіркелген. Оның ішінде елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері бар. Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстанның 5 студенті оқиды. Сондай-ақ 30-ға жуық қазақстандық жергілікті түрлі медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп жатыр. Барлығы – 112 адам», – деді Айбек Смадияров.
Айтуынша, Тель-Авивтегі дипломаттар Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде чат құрған.
«Қазір Израильде тұратын 200-ге жуық Қазақстан азаматы қосылған. Бұл чатта отандастарымыз өздерінің тұратын жері туралы ақпарат беріп, дипломаттармен тұрақты байланыс орнатты», – СІМ ресми өкілі.
Айтуынша, Израильде қаза болған, зардап шеккен, кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Қазақстан елшілігі Air Astana әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды қауіпсіз жерге шығару бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азамат ниет білдірді. Тель-Авивтегі әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1-2 күн ішінде Үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін репортациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін», – деді Айбек Смадияров.
Сонымен қатар, Айбек Смадияров Қазақстанның Иорданиядағы елшігінің хабарлауынша Газа секторында біздің еліміздің паспорты бар 25 азамат бар екенін айтты. Олар негізінен Палестина азаматтарына тұрмысқа шыққандар. Кебір ақпараттарға сәйкес, Израильдің әскери операциясының салдарынан бірқатар отбасылар Газа секторында қауіпсіз жер іздеп жүр. Онда электр жарығы үзіліп, байланыс орнатуда қиындық туындағандықтан, ҚР СІМ ақпарат толық жинау үстінде.
Еске саламыз, Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіретінін хабарланған еді. Осы елдегі Қазақстан азаматтарына елге оралу үшін одан әрі көмек көрсету мақсатында олардың тізімі жасалып жатқаны да мәлім болған.
ХАМАС террористік ұйымы 700-ге жуық израильдікті өлтіріп, тағы ондаған адамды ұрлап әкеткенінен кейін, Израиль кек алу операциясын бастап кетті. Израиль жексенбі күні Палестинаның Газа секторына қарсы шабуылдады. Бұл жайлы Reuters агенттігі хабарлады.