МӘМС арқылы бір адамға 122 мың теңгеге қызмет көрсетіледі: министр жүйеде қандай өзгеріс болатынын айтты
Фото: kursiv.media
Мәжілістегі Үкімет сағатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтты.
«МӘМС арқасында елдегі бір тұрғынға бөлінетін шығыстар да айтарлықтай өсті. Егер бұрын әр адамға 56 мың теңге болса, қазір бұл көрсеткіш – 122 мың теңге. МӘМС бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымдарың да саны 2 есеге өсті, осылайша 2 000-ға жуықтады», – деді министр.
Айтуынша, қазір 700 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтардың МӘМС жүйесіне аударымдары шектелген. Сондықтан жұмыс берушілердің аударымдарын есептеу үшін жоғарғы шегін (10 ең төменгі жалақы) алып тастау ұсынылады.
Ажар Ғиният МӘМС жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше шартты ескеруге шақырды.
«2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адам МӘМС жүйесіне енгізу көзделген», – деді министр.
Сондай-ақ табысы төмен, ауылдық жерлерде тұратын шамамен 1,5 миллион адам бюджет қаражаты арқылы сақтандырылады. 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95%-ын қамтуды жоспарлап отыр.
Мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру да көзделген.
«Сақтандырылмаған тұлғаларға денсаулық пен байланысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеулер енгізу ұсынылады. Мысалы, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау», – деді Ғиният.
ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМНІҢ САЛАҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
Жалпы ішкі өнімнің денсаулық сақтау саласындағы шығын үлесі 2019 жылғы 2,8%-дан 2022 жылы 3,7%-ға дейін өсті. Президент 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 5%-ға дейін ұлғайту мақсатын қойған.
«Денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығыстар кезінде жалпы ішкі өнімнің 5%-ы экономикалық ынтымақтастық және даму ұймы (ЭЫДҰ) елдерінде жалпы өмір сүру ұзақтығы 70 жылды құрады. ЖІӨ-нің 10%-ы кезінде жалпы өмір сүру ұзақтығы 2019 жылы – 80 жыл болды. Денсаулық сақтау саласына шығыстарды ұлғайту және медициналық көмектің сапасы, қолжетімділігі, жалпы өмір сүру ұзақтығы арасында тікелей байланыс бар», – деді Ажар Ғиният.
Айтуынша, былтыр Қазақстанда денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығыстар ЖІӨ-нің 3,7%-ы болған кезде жалпы өмір сүру ұзақтығы 74 жылды құраған.
«Халықтың медициналық қызметтерге ақы төлеуге арналған қалта шығыстарының үлесі 2018 жылғы 34%-дан 2022 жылы 31%-ға дейін қысқарды», – деді ол.
МƏМС ҚОРЫНА 1 ТРЛН ТЕҢГЕ ТҮСПЕГЕН
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бірінші жəне басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесінің теңгерімсіздігі және форматындағы олқылықтар деп айтты.
«Бастапқыда нақты жəне жан-жақты есептерге негізделген қаржыландыру моделі жоспарланған. Ал іс жүзінде басқа модель енгізілді. Алғашқыда жоспарланған басты параметрлер түбегейлі өзгерген. Соның кесірінен денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, қолжетімділік төмендеді, тарифтер азайды, кредиторлық берешектер пайда болды», – деді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, алғашқы теңгерімді форматтан ауытқу келесі төрт бағытта жүрген.
Бірінші. МƏМС қорына төленетін жарна бойынша. Қарапайым қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МƏМС-ке төлейтін жарнасының ставкасы 2% деңгейінде сақталды. Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы, яғни бюджеттен əлеуметтік санаттар үшін МƏМС-ке аударылатын жарна мөлшері бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есе азайтылды. Осы шешімге байланысты МƏМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеген.
Екіншіден. Пандемиямен күресу кезінде МƏМС арқылы атқарылатын қызметтер пакетіне шұғыл медициналық жәрдем, оқушыларға медициналық қызмет көрсету сияқты бюджеттен кепілдендірілген медициналық көмек арқылы төленуі керек шығыстар енгізілген.
«Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрдқа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кетті», – деді Аймағамбетов.
Үшіншіден. Үкімет жоғарыда айтылған зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Заңға сəйкес бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медианалық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр.
«Бұл заңға қайшы шешімнің кесірінен 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені Қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр. Cонда, үш жылдың өзінде, келесі жылды қосқанда, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспеді», – деді депутат.
Төртіншіден. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырды. Бұл да МƏМС-те жиналған, қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге болған.
Жоғарыда көрсетілген шешімдердің кесірінен МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді.