Фото: kursiv.media
Денсаулық сақтау министрлігі міндетті медициналық сақтандыруы жоқ азаматтардың көлік жүргізуіне тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Ажар Ғиният мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта қаржы жүйесі актуарлық шығындардың өсуіне төтеп бере алмай барады, сондықтан қор (әлеуметтік медициналық сақтандыру) болашақта өз міндеттемелерін толық орындай алмайды деген болжам бар. Ұзақ мерзімді қамтамасыз ету үшін Жүйенің қаржылық тұрақтылығы, қажетті жағдайларды ескеру қажет (…) Сақтандырылмаған тұлғаларға медициналық және онымен байланысты мемлекеттік қызметтерге шектеулер енгізу ұсынылады. Мысалы, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және т.б.», – деді Ғиният.
Министр журналистерге бұл бастаманың «дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп барып» көтеріліп отырғанын айтты.
«Бұл нақты қабылданған шешім емес, қазір әртүрлі ұсыныстар талқыланып жатыр. Өйткені заң (міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы) 5 жыл бойы іске асырылмағандықтан, 3 миллионнан астам адам жүйеден тыс қалды. Қазіргі кезде заң мұндай шектеу енгізуге тыйым салады, сондықтан біз бұл мәселені талқылайтын боламыз», – деді министр.
Ол сондай-ақ 2025 жылдан бастап әрбір азамат салық декларациясын міндетті түрде тапсыратынын еске салып өтті. Осылайша, сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болса, 700 мыңға жуық адамды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жоспарланған.
Бүгін Үкімет сағатында депутаттар МӘМС жүйесіндегі проблемаларды көтерді. Депутат Ерлан Саиров еліміздің 3,3 млн азаматы сақтандырылмағанын, әсіресе ауыл тұрғындары жүйеден түсіп қалғанын айтты.
Ал Денсаулық министрі кедейлік шегінде өмір сүретін 1,5 млн адамды мемлекет есебінен сақтандыруды ұсынып отыр.
Ажар Ғиният қазіргі кезде МӘМС арқылы бір адамға 122 мың теңгеге қызмет көрсетілетінін, алдағы уақытта жүйеде қандай өзгеріс болатынын айтып өтті.
Министрдің мәліметінше, МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін арттырған.
Қазіргі кезде мемлекет 15 түрлі жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адамға МӘМС жарнасын төлейді.