Қаржы айналымы 17 млрд теңгеден асқан заңсыз 9 крипто алмастырғыш жойылған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: shutterstock.com

Қазақстанда жыл басынан бері қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар, мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылып, көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеген. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеді.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол ҚМА-ның биыл 9 айда атқарған жұмыс нәтижесін баяндаған.

Елімізде алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, Агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салыныпты.

Элимановтың айтуынша, криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылып крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген.

Сонымен қатар, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған.

«Құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданған, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылған. Бұл жұмыс азаматтарды, әсіресе жастарды, есірткіні онлайн сатып алудан сақтайды. Есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған», – делінген хабарламада.

Қазақстан криптобиржаның еркін әрекет ету алаңы ретінде Астана халықаралық қаржы орталығын ұсынып отыр. Орталықта қазіргі кезде  8 криптобиржа заңды түрде тіркелген. Дегенмен, елде неше адам бизнестің дәл осы саласымен айналысып жүргені туралы нақты мәлімет жоқ.

Былтыр АХҚО-да тіркелген Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жоба іске асырылған еді.  Жобаға 5 криптобиржа – Binance, Ataix, Intebix, Xignal и Upbit және 8 екінші деңгейлі банк – Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Eurasian Bank, Bereke Bank, Nurbank және CenterCredit қатысты.

Жоба нәтижесінде криптобиржа екінші деңгейлі банктермен интеграцияланып, банктік шот ашып, клиенттерден фиаттық валюта қабылдайды және оларды цифрлы активтерге айырбастай алады.

2022 жылдың қазанында ҚМА мен «Binance» халықаралық крипто биржасы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Меморандум қылмыстық крипто-активтерді Қазақстан пайдасына бұғаттау, тыйым салу және тәркілеу жөніндегі рәсімді жолға қоюға мүмкіндік береді.

Жыл басында агентіктің Қостанай облысы бойынша департаменті «KZobmen.com», «1WM.KZ», «Kazobmen.ru», «WM007.KZ», «KZ-EXCHANGE.COM» крипто айырбастау пункттері арқылы АХҚО алаңынан тыс, цифрлық активтермен тыйым салынған, аса ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан кәсіпкерлік қызметтің жолын кесті.

Сондай-ақ оқыңыз