Қырғызстан кезекті грант алды. Бұл жолы Еуропалық одақтан
Еуропалық одақ Білім беру секторы үшін гранттық негізде Қырғызстанға 7 миллион еуро (665 миллион сом) аударды. Бұл туралы Қырғызстанның Қаржы министрлігі хабарлады.
Транш 2023-2026 жылдар аралығында Қырғызстанда білім беруді дамыту Стратегиясын жүзеге асыру үшін Еуропалық Одақ бөлген 27 миллион еуроның біріншісі болып табылады. Бағдарлама шеңберінде білім беру сапасын және оқушыларды бағалау жүйесін арттыру, гендерлік теңдік пен көптілді білім беруді ілгерілету, мемлекеттік қаржыны басқаруды жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға жәрдемдесу көрсетіледі.
Қаржы министрлігінің жоспарында транш қаражатын білім беру сапасын одан әрі арттыруға, оқулықтар сатып алуға және барлық мектептерде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге пайдалану көзделген.
«Барлығына қолжетімді білім беру жүйесі Қырғызстан үкіметі мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі басымдығы болып табылады. Бұл көмек ЕО-ның елдің дамуын қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді», – деп атап өтті Еуропалық Одақтың елшісі Мэрилин Йозефсон.