Қазақстандықтар зейнетақы жинағының 13 млрд теңгесін сенімгерлік басқаруға берген

Жарияланды
Қазақстандықтар 13 млрд теңгеге жуық зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға берген / shutterstock

Қазақстандық салымшылар БЖЗҚ-да жинақталған 13 млрд теңгеге жуық зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға берген.

2021 жылғы ақпан айынының 18-інен бастап, 2023 жылғы 1 қазанға дейін Инвестициялық портфельді басқарушыларға 12,7 млрд теңге аударылды. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады. Қор 9 240 өтінішті орындадған.

Ақпаратқа сәйкес, аударымның орташа сомасы шамамен 1,4 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша толық статистика  enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде берілген.

Айта кету керек, БЖЗҚ бес ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған. Ол туралы ақпарат «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде жазылған.

«12,7 млрд теңгенің 39,4% немесе 5 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ-ға, 22,6% немесе 2,9 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ-ға, 16,7% немесе 2,1 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ-ға, 13,3% немесе 1,7 млрд теңгесі «Halyk Finance» АҚ-ға, 8% немесе 1 млрд теңгеден сәл асатын сома «Сентрас Секьюритиз»АҚ-ға аударылған», делінген Қор хабарламасында.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті жарна және міндетті кәсіптік жарна түрлері (МЗЖ және МКЗЖ) есебінен жиналған жинақтарының 50%-на дейін ИПБ басқаруына бере алады. Мұнда зейнетақы шотындағы жеткіліктілік шек есепке алынбайды.

Сонымен қатар, ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 100%-ын инвестициялық басқаруға беруге болады. Тек биылғы шілде-қыркүйек айларында ғана бұл құқықты 2 479 адам пайдаланып, портфельді басқарушыларға 3,8 млрд теңге қаржы аударды. Бұл ретте БЖЗҚ қаржы аударуға берілген 3 240 өтінішті орындады.

Зейнетақы активтерін ИПБ сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы БЖЗҚ-ға жылына көп дегенде бір рет қана зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға аудару туралы өтініш беруге құқылы. 01.07.2023 жылдан бастап ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ басқаруына қайтару мерзімі екі жылдан бір жылға дейінқысқарды

Естеріңізге сала кетейік, ИПБ БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген және ИПБ Инвестициялық декларациясында көзделген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды. 

Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Ол зейнетақы активтерін басқару нарығындағы барлық ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.

Айта кетейік, 1 қазандағы жағдай бойынша, зейнетақы жинақтарын қолдану мақсатында берілген барлық өтініштердің шамамен 34,94% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу), өтініштердің 21,18% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,77% – ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,19% – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.

Өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған 488,86 млрд теңге көлеміндегі біржолғы зейнетақы төлемдері қорға қайтарылды.

Емделуге қазақстандықтар зейнетақы жинақтарынан 391,79 млрд теңгені алуға түскен 457 513 өтініш қанағаттандырылған. Алынған соманың орташа мөлшері 0,86 млн теңге.  

Өтініштердің 96% астамы стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,5% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1%  азы пайдаланылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін зейнетақы жинағына сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі бекітілген болатын. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген еді.

Зейнетақы жүйесіне сенім төмен: БЖЗҚ-да табысты инвестициялық стратегия болуы тиіс екені айтылған еді. Бұл туралы БЖЗҚ туралы конференция барысында оқылған Премьер-министр Әлихан Смайыловтың құттықтау хатында баяндалды. Оны Премьер-минитрдің орынбасары Тамара Дүйсенова оқып берді.

023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 16 366,61 млрд
теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз