Ауғанстан халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ауғанстанның Табиғи апаттарды басқару министрлігінің баспасөз хатшысы Джанан Саик Кабул халықаралық қауымдастықтан Герат провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді сұрады.

«Біз көмек қолын созған әрбір елді қабылдаймыз және қарсы аламыз. Біз барлық ұлттық және халықаралық мекемелерден жер сілкінісінен зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді сұраймыз», – деді баспасөз хатшы.

Гератта үйінді астынан аман қалғандарды іздестіру жұмыстары жүргізілуде, қазірдің өзінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ондаған медициналық бригада жұмыс жүргізіп жатыр.

БҰҰ өз кезегінде халықаралық ұйымдарды бірлесіп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының баспасөз қызметі БҰҰ мен оның Ауғанстандағы серіктестері елдің іс жүзіндегі билігімен көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

БҰҰ бас хатшысы халықаралық қауымдастықты бірігуге және зілзаладан зардап шеккен халықты қолдауға шақырады. Табиғи апаттан бұрын да бұл өңірдің тұрғындары көмекке зәру екенін мәлімдеген БҰҰ, халықтың қыстан шығуына да көмектесу қажеттігін айтты.

Еске сала кетсек, 7 қазанда Ауғанстанда магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі болды. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, апат ошағы Гераттан солтүстік-батысқа қарай 42 шақырым жерде болған.

Табиғи апаттан қаза тапқандар саны 2,5 мыңнан асады. Ауғанстанның Ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі Абдул Вахид Райан алты ауыл қирап, жүздеген бейбіт тұрғындар үйінділер астында қалғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз