Жаңалықтар

Изарильдегі шиеленіс: Ердоған 1967 жылғы шекарада тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды ұсынды

Фото: kursiv.media

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдегі қақтығыстың түбегейлі шешілуі үшін «астанасы Иерусалим болатын, 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру» қажет екенін айтты. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.

«Біз бейбітшілікті қалпына келтіру үшін бастаған дипломатиялық күш-жігерімізді жандандыруға және жалғастыруға бел байладық», – деді Ердоған.

Оның айтуынша, Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысты түпкілікті шешкеннен кейін ғана мүмкін болады. Ол үшін, Ердоған, астанасы Иерусалим болатын тәуелсіз және географиялық интеграцияланған Палестина мемлекетін құру қажет деп санайды.

«Астанасы Шығыс Иерусалим болатын 1967 жылғы шекарада тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды енді кейінге қалдыруға болмайды. Бұл мәселенің шешілмеуі жағдайдың шиеленісуіне және одан да көп құрбандарға әкеледі», – деді түрік басшысы.

Бұған қоса, Түркия президенті қақтығыс тараптарын аймақтағы шиеленісті азайтуға шақырып, жағдайдың ушығуына әкелетін әрекеттерден сақ блоуды ескертті.

«Израильде болып жатқан оқиғаларға байланысты біз барлық тараптарды сабырлылық танытуға және шиеленістің ушығуына әкелетін әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз», – деді ол.

Еске сала кетсек, ХАМАС ұйымы сенбі күні Израильге шаубылдады. Газа секторындағы «палестиналық террористер сенбі күні таңертең Израильдің оңтүстік және орталық аудандарын зымыранмен атқылаған». Сонымен қатар, ондаған палестиналық содырлар әскери жүк көліктері мен парапландар арқылы Газа секторынан Израиль аумағына өтіп, изарильдық азаматтарды тұтқынға алған. Хамас ұйымы 35 азаматты ұстап отырғанын мәлім етті. Кейбір деректерде тұтқындағы израильдіктер саны елуге жеткені айтылады.

«Хамас» әскери ұйымының басшысы Мұхаммад Деф, қозғалыс Израильға қарсы 5 мың зымыран жібергенін мәлім етті. Ол барлық палестиналықтарды қолға қару алуға шақырды.

«Хамас» серкесі Исмаил Хания болса, ресми мәлімдеме жасап, Иерусалимдегі «Әл-Ақса» мешітін, қасиетті орындар мен палестиналық тұтқындарды қорғауға шақырды.

Air Astana Израильдегі жағдайға бола әуе қатынасын тоқтатты.

Израильдегі жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров пікір білдірді.

«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», деді СІМ өкілі.