Фото: Ашық дереккөздер
Үкімет сағатында депутаттар МӘМС жүйесіндегі проблемаларды көтерді. Депутат Ерлан Саиров еліміздің 3,3 млн азаматы сақтандырылмағанын, әсіресе ауыл тұрғындары жүйеден түсіп қалғанын айтты. Депутат бұл әлеуметтік теңсіздікті министрліктің қалай шешетінін сұрады.
«Біздің елімізде халқымыздың 3,3 миллионы медициналық сақтандырудан тыс қалған. Бұл адамдардың басым көпшілігі ауылдарда тұрады. Оларға скрининг, медицианлық тексеру, ештеңе жүрмейді. Бұл – жылдан жылға біздің елімізде әлеуметтік әділетсіздік асып бара жатыр деген сөз. Теңдік жоқ біздің елімізде. Осы 3,3 млн азаматты біз қашан әлеуметтік қамсыздандыру аясына алып келеміз?»- деді депутат.
Өз кезегінде Ажар Ғиният 1,5 млн ауыл адамдарының кедейлік шылбырында жүргенін айтып, министрлік тарапынан оларды бюджет есебінен сақтандыру мәселесі көтеріліп жатқанын айтты.
«Осы заң 5 жыл бұрын енгізілгенде, әрбір азамат міндетті түрде осы жүйеге кіруі тиіс еді. Осы 5 жыл ішінде 3 миллионнан астам адам осы жүйеге кірмей қалды. Отбасылық цифрлық карта бойынша біз кімнің жүйеде жоқ екенін олардың жеке нөмірін қарап, сараптама жасадық. Олардың ішіндегі 800 мың адамның жағдайы жақсы екенін көрдік. Үй-жайы, келіп тұратын табысы да бар. Жалпыхалықтық декларациясы кезінде ол адамдарды сақтандыруға тартуға болады. Олар тек осы МӘМС жүйесін емес, басқа да салықты төлемей отыр. Ал 1,5 млн азамат кедейліктің шылбырында жүр. Көбіне ауылдың адамдары. Сондықтан бұл адамдарды сақтандыру бюджеттің есебінен болсын деген ұсыныс енгізіп отырмыз. Ол мәселе сіздермен, үкіметпен, басқа да органдармен талқыланатын болады. Біздің есебіміз бойынша, осы адамдарды қамтуға 77-80 млрд теңгеге жуық қаражат керек», деп жауап берді министр.
Сонымен бірге Саиров ауылды жерлерге медбикелер мен дәрігерлерді үгіт насихат жүргізуге міндеттеп қоятынын, олардың ақысыз жұмыс істейтінін айтты.
«Біз аймақтарды аралағанда, осы әлеуметтік медициналық қамсыздандырумен қамтылмаған азаматтарға үгіт-насихат жүргізуге дәрігерлер мен медбикелерді жіберетіні жиі айтылады. Бұл жұмыс үшін ақша төленбейді. Біз осыны доғаруымыз керек»,- деді.
Ажар Ғиният негізінен бұл жұмыспен жергілікті атқарушы органдар айналысуы керектігін, бірақ министрлік халықтың медициналық көмектен қол үзіп қалмауы үшін бұл шараға атсалысып отырғанын айтты.
«Бірінші кезекте халықтың денсаулығына әр өңірдегі әкімдіктер жауапты. Бірақ біз халықтың медициналық көмектен тыс қалмауы үшін әр учаскелік дәрігерлер, медбикелермен, әлеуметтік қызметкермен өзінің жұмысы аясында үгіт-насихат жүргізіп отырмыз. Олар осы мақсатта әр үйді аралап шығады. Негізі бұл жүйелі жұмыспен әкімшілік айналысып, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуі керек. Ал егер жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін болмаса, биржаға тіркеуі тиіс», – деді министр.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі елімізде 3,3 млн адамға қатысты декретердің өзгергенін айтты. Яғни үгіт-насихат жүргізу барысында нақты көрсеткіштердің 2,5 млн-ға жуық адамға дейін қысқарған.
Сонымен бірге министрден депутат Айдарбек Қожаназаров 2023 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша медициналық кредиттік берешек 82,4 млрд теңгені құрайтынын, соның ішінде 0,5 млрд теңге қызметкерлерге жалақы, 6,2 млрд салық және салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеуге байланысты құралып отырғанын айтып, оған не себеп болғанын сұрады.
Ажар Ғиният 80 млдр теңге кредиторлық берешек жыл аяғына дейін жабылатыны айтты.
«Жылдық қаржыландыру ай сайынға жоспарланған. Ай сайын беріліп отырады. Қосымша қазірдің өзінде қаржы министрлігімен бірге қосымша қаражат сұрап отырмыз. Себебіне келсек, бір себебі – тарифтің төмендегі. Екінші себебі – медициналық ұйымдардың менеджменті. Мысалы, Астанадағы бір емхана 100 млн (теңге) тұратын бір аппарат сатып алады. Немесе Шымкентте бір ауруханасы 500-700 млн теңге тұратын ангиограф сатып алады. Ал қаржыландыруды әрбір көрсетілген қызметке береміз. Егер ауруханада бір адам емделіп шықса, оның ауру тарихы бойынша беріледі. Ал 600 не 800 млн теңгені жабуы үшін қанша адамды емдеуі керек? Оны бәрі берешекке алып келеді», – деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.