Ресей Қазақстан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін арттырмақ. Сол мақсатта 2002 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай транзиті туралы келісімге өзгерістер енгізілді. Тиісті қаулы «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
Құжатқа сәйкес, Энергетика министрі Алмасадам Майданұлы Сәтқалиевке 2002 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай транзиті туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік беріледі.
«Мұнайды өзара жеткізудің көлемі мен бағыттары 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 5-бабына сәйкес айқындалады», делінген құжатта.
Қаулыға сәйкес транзит көлемі, мұнай транзиті үшін тарифтер мен есеп айырысу бойынша өзектендіру, сондай-ақ Келісімді он жылдық кезеңге ұзарту көзделеді.
Бұрынғы құжатта жылына 7 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдауға келіскен болса, қазіргі өзгерген құжатқа сәйкес, Ресей Қытайға жылына 10 млн тонна мұнай жеткізіп тұрмақ. Ал тасымалдау бойынша көрсетілетін қызмет инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі.
«Мұнай транзиті бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтер инфляция деңгейіне сәйкес жыл сайын индекстелуі мүмкін. Бұл ретте салыстырымды шарттарда көрсетілген тарифтер мұнайды транзит режимінде емес тасымалдау үшін белгіленген тарифтерден аспайтын болады», делінген құжатта.
Қаулыда ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтерді белгілеу ерекшеліктері 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен айқындалатыны жазылған.
Қаулы 23 қазанға дейін талқылауда болып, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.