Жаңалықтар

Израиль мен ХАМАС қақтығысы салдарынан екі тараптан қаза тапқандар саны 1100-ден асты

Фото / REUTERS/Ibraheem Abu Mustafa/

ХАМАС террористік ұйымы 700-ге жуық израильдікті өлтіріп, тағы ондаған адамды ұрлап әкеткенінен кейін, Израиль кек алу операциясын бастап кетті. Израиль жексенбі күні Палестинаның Газа секторына қарсы шабуылдады. Бұл жайлы Reuters агенттігі хабарлады.

Израиль әуеден Газа секторындағы тұрғын үйлерді, туннельдерді, мешітті және Хамас шенеуніктерінің үйлерін нысанаға алып, зымырандар тастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың «кек қайтару» туралы уәдесіне сай, шабуыл барысында 400-ден астам адам қаза тапты. Оның 20-сы балалар.

Еске сала кетсек, 8 қазан күні Израильдің Қауіпсіздік кабинеті соғыс жағдайын және осы мақсатта Негізгі Заңның 40-бабына сәйкес маңызды әскери шаралар қабылдау туралы шеші шығарды.

«Газа секторынан қанды лаңкестік шабуылдарға байланысты Израиль соғыс ашуға мәжбүр болды», делінген хабарламада.

Ал Қорғаныс министрі Йоав Галлант «Газа секторының өте жоғары құн төлейтінін және оның бірнеше ұрпаққа мұра боп қалатынын», айтқан.

Газа секторының аймағынан тыс, Израиль күштері мен Иран қолдайтын ливандық «Хезболла» тобы артиллериялық және зымырандық шабуылдармен алмасты, ал Египетте екі израильдік турист пен экскурсовод оққа ұшты.

Бұл қақтығысқа қатысты пікірлер екіге бөлінді. Батыс елдері негізінен Израильді қолдаса, Иран, Хизболла ұйымы және Таяу Шығыстың әртүрлі елдеріндегі наразылық білдірушілер ХАМАС-тың әрекеттерін қолдап жатыр.

Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдегі қақтығыстың түбегейлі шешілуі үшін «астанасы Иерусалим болатын, 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру» қажет екенін айтты.

«Астанасы Шығыс Иерусалим болатын 1967 жылғы шекарада тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды енді кейінге қалдыруға болмайды. Бұл мәселенің шешілмеуі жағдайдың шиеленісуіне және одан да көп құрбандарға әкеледі», – деді түрік басшысы.

Ал Қазақстан тарапы Израильдегі жағдайға қатысты алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.

«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», деді СІМ өкілі.