Meta мен Amazon-да тағылымдамадан өткен маман кеңесі: алпауыт компанияларда тәжірибе шыңдау үшін не істеу керек?

Жарияланды

Фото: жеке архивінен

Хафиз Батырхан — бірнеше халықаралық IT-компаниядан тағылымдамадан өткен жас маман. Сәтті кейске қол жеткізгенге дейін ол 300-ге тарта компанияға түйіндеме жіберген. Қабылданбаса да, еңсесі түспей, сол қарқында жалғастыра берген. Meta, Amazon секілді алпауыт компаниялардың жұмыс барысын ішінен көрген IT-маманмен тағылымдамадан өту, құжат дайындау, менторлық және ірі компаниялардағы қызметкерлерге жасалатын жағдай туралы сұхбаттастық.

Ортаның маңызы және бір жылда жолданған 300 өтінім

Кейіпкеріміз Есік қаласындағы «Білім-Инновация» лицейін бітірген соң, Nazarbayev University-ге Computer Science мамандығына оқуға түседі. IT-ге деген қызығушылық сонау мектеп кезінен басталған. Оқушы шағында олимпиадаларға қатысып, талай бақ сынаған. Жүлделі орындарға ие болғанының арқасында еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі саналатын университетке қабылданған. Хафиздің айтуынша, мектепте жүргенде халықаралық компанияларда тағылымдамадан өтуге болатыны туралы білмеген. Кейін NU-дағы араласатын ортасы осы тақырыпты жиі талқылайтынын көріп, қызыға бастаған.

«Тағылымдамадан өту мүмкіндігі туралы оқуға түскен соң естідім. Сөйтіп бірінші курстан бастап IT-ге қатысты қандай internship көрсем, барлығына тапсыра беретінмін. Есептеп қарасам, жылына жүз шақты компанияға түйіндеме жолдаған екем. Алғашқы 2-3 жыл талпынысымнан түк шықпады. Көбі CV-імді көрген бойда бірден алмай қоятын, енді бірі сұхбатқа шақырғанымен, одан кейінгі кезеңдерде құлап қалатынмын. Осылайша 300-ге жуық компанияға жіберіп, қабылданбадым» дейді ештеңеге қарамастан тауы шағылмаған Хафиз.

Кейіпкерден кеңес

«Тағылымдаманы барлық жерден қарай бердім. Мысалы Linkedin-нен әлдебір компанияны табамын да, одан кейін сайтына өтіп, қазіргі уақытта интерншип бар ма, қарап шығатынмын. Іздеу өте ұзақ уақыт алады. Өз басым аптасына бір күнді арнап, бір отырғанда бірнеше жерге түйіндеме жіберетімін. Бағдарламаға қабылдану ықтималын арттыру үшін барынша көп жерге тапсыру керек. Өйткені түйіндемеге қарап, жібергендердің ішінде тек 1-2 пайызын ғана қабылдауы мүмкін. Сондықтан неғұрлым көп жерге ұсына берген жөн».

Internship кезеңдері туралы

Стажировкаға дайындалу бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы — СV дайындау. Ол жерде өзіңіз туралы ақпаратты ғана емес, осы вакансияға қаншалықты қатысыңыз бар екенін көрсетіп, бір беттен асырмай, қысқа әрі нұсқа етіп жеткізуіңіз керек. 10-15 секундта көз жүгіртіп өте алатындай, қызықтыра алатындай етіп жазыңыз. Себебі рекрутерлердің алдына келетін кандидат көп. Оларға ұзақ уақыт бөліп, қарап отыруға үлгермейді. Сондықтан осы түйіндемеге баса назар аударған абзал. Егер СV сәтті шығып, көзге түскен болса, келесі кезең — сұхбат. Қаншама компанияға құжат жолдап, алғашқы офферімді 3-курстан кейін ғана ала алдым. Осылайша 2022 жылдың жазында Meta-ның Лондондағы кеңсесіне шақырту келді.

Кейіпкерден кеңес

«Тағы бір айта кететін жайт, вакансияға тапсырған кезде сол компанияда істейтін қызметкер сізді ұсынса, мұның әжептәуір пайдасы тиеді. Мысалы Meta-да істейтін Жарасхан есімді танысым мені ұсынған еді. Компанияға келетін қаншама түйіндеменің ішінде өз қызметкері «мына кандидат лайық» деп оң баға беріп тұрса, сенімдірек болады емес пе? CV-ге қарап, дәл бағалау қиын болуы мүмкін. Ал ұсыныс — қосымша плюс»

Meta-дағы күндер

Сұхбат кезеңі туралы айтсақ, Meta-да ол екі этаптан тұрды. Біріншісінде видео-колл арқылы сұхбат өтеді. Ол жерде алгоритмдерге қатысты бір не екі есеп беріледі. Шамамен бір сағаттай уақытта шешуіңіз керек. Интервью барысында сізге қосымша сауалдар да қойып қалуы мүмкін. Мәселен «мына жерде есепті неге былай шештіңіз?», «неге дәл осы компанияда тағылымдамадан өткіңіз келеді?» деген сыңайда. Бірақ бастысы, алгоритмге қатысты қабілетіңізді сынайды. Бұл кезеңнен өтсеңіз, тағы бір сұхбаттасу өтеді. Бұл да алдыңғысына ұқсас — есеп шығарасыз. Айырмашылығы сол — сәл күрделірек деңгейде болады. Ойыңызды қаншалықты жақсы жеткізе аласыз, есеп шығарудағы problem-solving skills сыналады. Екінші сұхбаттасу да ойдағыдай өтсе, онда сізге келісімшарт жібереді. Ол жерде барлығы егжей-тегжей жазылады. Қандай қосымша бонустар ұсынады, жалақысы — барлығы көрсетіледі. Стажерлерге full time жұмыстағыдай айлық төлейді. Тағылымдамадан өтетіндерде intern деген бөлек статус болады. Бізбен салыстырғанда, жалақысы әлдеқайда жоғары деуге болады. Meta бізді тағылымдама біткенше, яғни 12 апта бойы қонақүймен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, кеңседе таңғы ас, кешкі ас берілетін, жұмысқа барып келуге керек көлікпен де көмектесті. Кеңсесі де қызметкерлерге қолайлы, комфорт сыйлайтындай етіп жабдықталған. 

Amazon-ның айырмашылығы

Meta-да тағылымдамадан өтіп жүрген кезімде Amazon компаниясы сұхбатқа шақырды. Олардағы кезең сәл басқаша болды. Алдымен СV-ге қарап, скриниң жасалады да, түйіндемеңіз ұнап жатса, online assessment деп аталатын автомат емтихан тапсырасыз. Мұнда сізге сілтеме береді, ол жерде тапсырма түрінде есеп болады. Егер өтіп жатсаңыз, сізді бірден соңғы раундқа шақырады. Ол жерде қатарынан екі сағаттық екі интервью болады. Оны екі түрлі адам жүргізеді. Amazon-ның бір ерекшелігі — алгоритм есептеріне тек жарты сағаттай уақыт бөледі де, қалған бөлігінде сіздегі софт скилзге мән береді. Олардың сайтында компанияның 14 қағидасы жазылған. Сіздің соларды қаншалықты ұстана алатыныңыз сыналады. Мысалы кез келген өмірлік жағдайды айтып, «соны қалай шешер едіңіз? дегендей сұрақтар қояды. Егер қағидаларға сәйкес келетін болсаңыз, шақырады. Мені Amazon қабылдап, Эдинбург 2022 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында тағылымдамадан өттім. Мұнда да жалақы жақсы төледі.

Енді екі жерді салыстырып көрейік. Meta-да менен көбіне хард скилз талап етті. Яғни код жазып, оны әрмен қарай дамытуымды күтетін. Ол жерде өзімді инженер сезініп, код пен технология туралы көп ақпарат білдім. Amazon-да болса, софт скилз молырақ алдым. Соның ішінде коммуникация құру, презентация істеу, Design review сияқты тұстарға көбірек көңіл бөлді. Өйткені ол жақтағы мен жұмыс істеген жоба экспериментке байланысты болған еді. Басқалардан көп дүниені сұрап білуім керек болды. Себебі сізге мүлдем түсініксіз тапсырма бере салуы мүмкін. Әрі қарай керек сұрақтарды қойып, жауап алу — өзіңізге байланысты. Қиын жағдайдан қалай шығу керегін үйрендім десем болады. Әрі екі жердегі команда да екі түрлі еді. Яғни бұлар маған өте мықты экспериенс бола алды. Инженерде хард скилзден бөлек, сол шешімін басқаларға түсіндіре алатын қабілет те болуы керек. Үлкен компанияларда көбіне software engineer мамандарды алады. Яғни код жаза алатын, проблемаларды шеше алатын адамдарды іздейді. Егер сол машығы болса, қалғанын өздері-ақ үйретеді. Мысалы Meta-ға барарда мен білген технологияларды компанияда мүлдем қолданбадым. Олар қабылдаған соң, материал, соны меңгеруге уақыт та берді. 

80/20 принципі немесе ментор туралы ой

Кейінгі кездері IT-дегі менторлық туралы көп естіп жүрміз. Өзім де бірнеше адамға тағылымдамаға өтуге көмектесетін ментор болып көрдім. Бұл сала тез дамып жатқандықтан, мұндағы кей мүмкіндіктер мен жолдарды біреулер білмей қалуы мүмкін. Сондайда ментордың көмегі зор болады. Яғни уақытқа үнем. Жақсы тұсы — осы. Бірақ бұл жерде бәрін ментордың мойнына іліп қоймау керек. Бастысы — кандидаттың өзі. Ол тырысуға қаншалықты дайын? Егер адамда құлшыныс зор болса, еш менторсыз-ақ иіріп әкете алады. Негізі тәжірибелі мамандардан, халықаралық компанияларда істейтін қызметкерлерден сұрастырса да, олардың көбі қуана-қуана жауап береді. Бағыт сұрасаңыз, жол сілтеуге дайын тұрады. Шетелде жүрген қазақ көп. Отандастарын тартқысы келетіндер де аз емес. Сондықтан сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Мысалы менен де сұрайтындар бар. Оларға бар білгенімді айтып, көмектесуге тырысамын. Айтпағым — ментор сізді сүйремейді, бәрі сіздің өзіңізге байланысты. Қаншалықты құлшынысыңыз бар — соған қарай нәтижесін көресіз. Мұны 80/20 принципіне ұқсатамын: 80 пайыз сіздің өзіңіздің еңбегіңіз және қалған 20 пайызы — ментордың көрсеткен жолы. Егер адам шынында қызықса, бір адамды ғана ментор деп алмай, бірнешеуінен бір уақытта кеңес ала береді. Жан-жақты ізденеді. Сол себепті ментор болмаса, тағылымдамадан өте алмаймын деген пікірден аулақ болған жөн.

Сондай-ақ оқыңыз