Жаңалықтар

Қол қою құны – 5 млн теңге: Астанада ТЖД бастығы мен бірқатар лауазымды тұлғалар сотталды

фото: kursiv.media

Астана қаласы, ТЖД басқарма бастығы 5 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді. ️Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларының сотталғаны хабарланды. Үкімді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шығарды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен пара алғаны үшін ҚР ҚК 366-бабы бойынша:

Астана ТЖД басқармасының бастығы Б. Бейсенқанов 5 жылға бас бостандығынан айыруға;

құрылыс басқармасының басшысы А. Жанғасканов 4,5 жылға бас бостандығынан айыруға;

Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Ғ. Айтжанова 60 миллион теңге айыппұлға;

ІМАД бас маманы А. Әбішева 90 миллион теңге айыппұлға сотталды.

Сонымен қатар, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін (ҚР ҚК 361-бабы) Астана құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ж. Мырзахметов 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Айта кету керек, аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сотта ісі қаралған ТЖД басқарма бастығы 5 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді. Оның Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионды апатты деп тану туралы құжаттамаға келіскені үшін құрылыс компаниясы өкілінен қомақты қаржы алғаны айтылды.

Сондай-ақ іс бойынша Қиыр Шығыс азаматтық авиация басқармасы басшысының орынбасары мен бас маманы да айыпталуда, олар аудиторлық тексерудің оң қорытындысы үшін жеке компания өкілдерінен 2 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

Астана құрылыс басқармасының басшысы мен оның орынбасарына қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылды. Антикордың айтуынша, олар құрылыс компаниясын құны 21 миллион теңгеден асатын материалдық құндылықтарды сатып алуға көндірген.

Сондай-ақ, Құрылыс басқармасының басшысына жалпы қамқорлық жасау және мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актісіне кедергісіз қол қою үшін ЖШС басшылығынан 400 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шығарған үкім негізінде жеке құрылыс компаниясының өкілдері жоғарыда аталған барлық лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуық айыппұл салуға сотталды.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылмақ.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін, Төтенше жағдайлар министрлігінде лауазымды тұлғалар жемқорлық бойынша күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған министрлікпен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің әшкере еткенін хабарлаған болатынбыз.