2028 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсу қарқыны небәрі 3% болады – ХҚО

Жарияланды

фото: kursiv.media

Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың 2024 жылға арналған өсу болжамы көңіл көншітпейтінін хабарлады. Есепке сәйкес, әлемдік өсу болжамы 2022 жылғы 3,5%-дан 2023 жылы 3,0%-ға дейін баяулайды. Қазақстан экономикасы осы жылдан 2024 жылға қарай табысты өрлейді. Бұл жайлы ХВҚ-ның қазан айында жариялаған World Economic Outlook есебінде нақтылады.

Зерттеу есебіне сәйкес, экономикасы жақсы дамыған елдерде аталмыш көрсеткіш 2022 жылғы 2,6 пайыздан 2023 жылы 1,5 пайызға және 2024 жылы 1,4 пайызға дейін баяулайды деп көрсетілген. Бұған себеп ретінде саяси жағдайлардың шиеленісуі көрсетіледі.

Әлемдегі экономикалық құбылыстарға қатысты есепте инфляцияның тұрақты түрде төмендеп, ақша-кредит саясатының есебінен тауар бағасы төмендейтіні жазылған:

Жаһандық инфляция 2022 жылғы 8,7 пайыздан 2023 жылы 6,9 пайызға және 2023 жылы 5,8 пайызға дейін тұрақты түрде төмендейді деп болжанып отыр. 2024 жылы ақша-кредит саясатының қатаңдауы тауарлардың әлемдік бағасының төмендеуіне ықпал етеді. Жалпы алғанда, базалық инфляция біртіндеп төмендейді, – делінген құжатта.

Орта мерзімді перспективада жаһандық өсу болжамдары (3,1%) соңғы онжылдықтардағы ең төменгі көрсеткіш екенін айта кету қажет.

Сонымен қатар, дамушы нарық пен дамушы елдерде экономикалық өсу қарқыны 2022 жылғы 4,1 пайыздан 2023 және 2024 жылдары 4,0 пайызға дейін орташа төмендейді деп болжанған. Демек, 2022 жылы 4,1%-дан 2023 жылы да, 2024 жылы да 4,0%-ға дейін, 2024 жылы 0,1%-дық төмендеу бағытына түседі. Құлдырауға орай Қытайдағы жылжымайтын мүлік секторының дағдарысы ортаға шығады.

Айта кетерлігі, жаһандық өсу үшін тәуекел балансы әлі де нашарлайды, біржақты құлдырау бағытында қалады. Инфляция саяси толқулар болса, Украинада соғыс күшейсе, ақша-несие саясатыны күрделенсе, арта беруі мүмкін.

Халықаралық валюта қоры бұл жағдайда:

Осылайша, орталық банктер баға тұрақтылығын қалпына келтіруге назар аударуды жалғастыруы және қаржылық қадағалау мен тәуекелдерді бақылауды күшейтуі керек. Егер нарықтық шиеленіс туындаса, елдер өтімділікті дереу қамтамасыз етуі керек. Олар сондай-ақ бюджеттік буферлер құруы тиіс. Мұндай бюджеттік түзету құрылымы халықтың неғұрлым осал топтарын қолдауды қамтамасыз етеді, – деген кеңес береді.

Қазақстандағы жағдай қалай құбылады?

Қазақстан бойынша ХВҚ осы жылға арналған экономика өсімінің болжамын шілде айындағы есепте 4,8%-дан 4,6%-ға дейін төмендетті. Керісінше, 2024 жылға болжам шілдедегі 3,9%-дан 4,2%-ға дейін жақсарды. Ақырында, ХВҚ жыл соңындағы тұтынушылық инфляция деңгейі 11,5%-құрайды деп күтеді, ал 2024 жылдың соңында 7,5% болады.

Айта кету керек, бұл Қазақстан Ұлттық Банкінің 5%-дық нысанасынан әлі де жоғары. Бір қызығы, ХВҚ-ның ұзақ мерзімді болжамдары бойынша 2028 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсу қарқыны небәрі 3,0% құрайтынын айтады. Бұл үкіметтің оптимистік болжамынан айтарлықтай төмен екенін көріп отырмыз.

Сондай-ақ оқыңыз