Жаңалықтар

Ұлттық қор активтері жыл басынан 3,7%-ке өсіп, инфляция баяуласа да, теңге «тұзақтан шықпай» тұр

фото: kursiv.media

Жыл басынан бері Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері 31,9 млрд долларға дейін, яғни 9%-ке төмендеді. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 57,8 млрд долларға дейін 3,7%-ке, атап айтқанда, 2,1 млрд долларға өскен. Қыркүйекте теңге бағамы 3,4%-ке әлсіреп, 1 доллар үшін 474,99 теңгеге дейін барған. Бұл жайлы ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұлов мәлімдеді.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылуы және Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы баяндамада инфляциялық процестердің динамикасы нақтыланды. Ақпаратқа сәйкес, қыркүйек қорытындысы бойынша, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеп, 49,0 мәнінде теріс аймаққа өтті.

Сонымен қатар, іскерлік бизнес қана емес, индекстің айтарлықтай төмендегені құрылыс саласында байқалып, көрсеткіш 48,5 мәніне дейін түсті. Баяндамада:

Бизнес-климат индексі біраз төмендегенімен, көрсеткіш оң қалпында қалды. Ағымдағы бизнес жағдайды бағалау көрсеткіші жақсарды. Алайда, болашақ бизнес жағдайға қатысты оптимизм төмендеді, – делінген.

Жылдық-айлық инфляцияның жайы қалай?

Баяндамада жылдық инфляцияның жеті ай қатарынан төмендеп келетіні айтылады. Қазіргі инфляция деңгейі – 11,8%. Оның бәсеңдеуіне әсер еткен факторлардың бірнешеуін атап көрсетуге болады. Олар: қатаң ақша-кредит саясаты, 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі. Мұның ықпалы айлық инфляцияға да әсер етті.

Айлық инфляция да 0,6%-ке дейін бәсеңдеді. Алайда, айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары қалыптасып келеді. 

Б. Шолпанқұловтың мәлімдеуінше, нан, жарма, сүт өнімдері, ет пен қант бағасының өсу қарқыны да тежелген. Жеміс-жидек пен көкөніс маусымдық кезеңге байланысты арзандаған. Нәтижесінде, азық-түлік инфляциясы 11,4%-ке дейін түскен.

Ауыздықтау мүмкін болмаған баға қайда?

Отынға қатысты бөлшек сауданың шекті бағасы өсті. Қыркүйекте жанар-жағармай қымбаттап, киім-кешек пен аяқ киімнің, дәрі-дәрмек пен қатты отынның бағасы өсті.

Реттелмейтін қызметтердің бағасы өсу үрдісін сақтап қалды. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты білім беру қызметтерінде де баға тез өсті. Бұдан басқа, жалдау ақысының, көлік пен амбулаториялық қызметтердің құны да өсе түскені байқалды, – делінген баяндамада.

Теңгенің күз басындағы «тағдыры» қандай?

Қыркүйекте теңге бағамы 3,4%-ке әлсіреп, 1 доллар үшін 474,99 теңгеге дейін барды. Баяндамашы, ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұлов теңгенің әлсіреуіне бірқатар сыртқы және ішкі факторлар ықпал еткенін айтады:

Біріншіден, АҚШ доллары жаһандық деңгейде нығайды. АҚШ долларының индексі дамыған елдердің валюта қоржынына қарсы қыркүйекте 2,5%-ке күшейді.

Екіншіден, бюджет қаражатын игеру және жобаларды іске асыру циклінің өсуіне байланысты импорттаушылардың маусымдық сұранысы артты.

Квазимемлекеттік секторда экспорттық валюталық түсімді міндетті сату нормасының тоқтатылуы да, АҚШ Федералды резервтік жүйесінің қатаң монетарлық саясаты аясында базалық ставканың төмендеуі де теңгенің әлсіреуіне әсер етті.

Бір айта кетерлігі, қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету мақсатымен 1 млрд 155 млн доллар валюта сатылған.

Қыркүйекте халықаралық резервтер құлдырады ма?

Халықаралық резервтер қыркүйектің соңында 89,7 млрд долларды құрады. Баяндамада:

Жыл басынан бері Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері 31,9 млрд долларға дейін, яғни 9%-ке төмендеді. Бұл Ұлттық Банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюына және мемлекеттік борышты төлеуге  байланысты болды, – деп нақтыланды.  

Негізінен алғанда, Ұлттық қордың активтері жыл басынан 57,8 млрд долларға дейін 3,7%-ке, яғни 2,1 млрд долларға өсті. Негізгі өсім жыл басынан4%-ті немесе 2,2 млрд долларды құраған инвестициялық табыс есебінен болды. 

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер 3,3 трлн теңгені құрады. Оларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың валюталық активтері 6 млрд долларға сатылды. Қорға түскен түсімдер 3,4 трлн теңгені құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан 17,2 трлн теңгеге дейін 17,7%-ке ұлғайды. Инвестициялық табыс көлемі жыл басынан бері 1,4 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 1,5 трлн теңге, ал, жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 196,1 млрд теңге болды.

ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұлов сыртқы және ішкі нарықтарда инфляциялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты екенін айтты. Ұлттық Банк макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, инфляцияны төмендету үшін қажетті шараларды қабылдауды жалғастыра беретінін жеткізді.