Биыл 4 мыңнан аса тұрғын үйде өрт шыққан, 700 жатақханада қауіпсіздік талабы бұзылған – ТЖМ

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Төтенше жағдайлар министрлігі 2022 жылы 1,5 мыңға жуық жатақханада өрт қауіпсіздігі бойынша тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 700 жатақханада 3 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талабын бұзушылық анықталды.
Министр Сырым Шәріпхановтың айтуынша, «Жатақхана» өрт қауіпсіздігі акциясының нәтижесінде жатақханадағы өрт, зардап шеккендер және адам қазасы азайған.
«Былтырмен салыстырғанда өрт 36 пайызға (2022 жылы – 22, 2023 жылы – 14), зардап шеккендер – 2,5 есеге (2022 жылы – 10, 2023 жылы – 4), қаза тапқандар 6 есеге (2022 жылы – 6, 2023 жылы –1) қысқарды. Биылғы науқан қарашаға жоспарланған», – деді министр Үкімет отырысында.
Қазірге дейін профилактикаға 300 мыңнан астам үй қамтылды, 800 жүз мыңға жуық азаматқа нұсқау берілді, 100 мың бұзушылық анықталды.

«Тұрғын үй секторындағы профилактиканың назары халықтың әлеуметтік осал топтары – қарттар, мүгедектер мен көп балалы отбасылардың үйлеріне бағытталған. Есепке 130 мыңнан астам адам алынды», – деді Төтенше жағдайлар министрі.

Оның дерегінше, жыл басынан бері 4 мыңнан аса тұрғын үйде өрт шығып, өрт салдарынан 203 адам қаза тапты, 193 адамды күйік шалып, уланған.

Министрдің айтуынша, Шымкент қаласы, Жамбыл, Ақтөбе, және Қарағанды облыстарында өрттен қаза тапқандар көбейген.

«Осыған байланысты, біз халықты өрттен қорғау деңгейін арттыру және шығынды азайту мақсатында жүйелі түрде профилактикалық рейдтер, акциялар, науқандар және халықпен жиындар өткіземіз», – деді Шәріпханов.

Айтуынша, өрт туындаған кезде азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту үшін кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, министр өңірлерде тұрмыстық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын білікті мамандардың жетіспеушілігі және штат бірліктерінің тапшылығы бар екеніне назар аударды.

Үкімет басшысы өз кезегінде өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылғанын, алайда олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанына назар аударды. Әлихан Смайылов та бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейтінін атап өтті.

«Осыған байланысты, өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз