Хиджап кигені үшін мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ – Оқу-ағарту министрі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі хиджап мәселесі шешілген, орамал тағуына байланысты мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мектептің ең бірінші – міндеті сапалы білім беру.
Журналистер Үкімет кулуарында министрден «Атырау облысында орамал тағатын 150 қыз мектепке хиджаб киюге рұқсат етілмегендіктен, мектепке бармайды деген нақты ақпарат бар. Басқа аймақтар туралы мәлімет бар ма?» деп сұрады.
Ғани Бейсембаев қыркүйектің басында хиджаб кигеніне байланысты 150-ден астам қыз мектепке бармағанын, бірақ кейін ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.
«Мектеп балалардың сапалы білім мен тәрбие алуы үшін құрылғанын бәріңіз жақсы түсінесіздер. Сондықтан ата-ананың көпшілігі түсініп, қабылдай бастады. Қазіргі уақытта мұндай мәселе жоқ. Басқа аймақтарда орамал таққан студенттердің саны туралы менде дерек жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша ондай студенттер жоқ», деді министр.
Министр бұрын бұндай мәселе болғанымен, қазір ол толық шешілгенін мәлімдеді.
«Қазір бұл мәселе толығымен шешілді. Мектептің бірінші міндеті сапалы білім мен тәрбие беру екенін ата-ана түсіне бастады. Бірін екіншісімен шатастырмауымыз керек», -деді ол.
Оқу-ағарту министрі бұған дейін де Қазақстан мектептерінде оқушылардың хиджаб киюіне қатысты пікір білдірген болатын.
Ғани Бейсембаев балалардың мектепке оқушы формасымен келуі керек екенін айтты.
«Конституция бойынша Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектептегі формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек», – деген еді министр.
Сонымен қатар Қазақстан діни басқармасы мектептегі киім үлгісіне, жалпы хиджаб төңірегінде туындаған дауға қатысты мәлімдеме жасаған.
Мүфтият орамал тағудың да, білім алудың да үкімі – парыз екенін айтқан және шариғат бойынша балиғат жасына толмағандарға орамал тағу міндетті емес деді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамдық орындарда хиджаб киюге шектеу қойылатынын мәлімдеді.
«Қоғамдық орындарда бетін жауып жүретіндерді тану өте қиын. Бұл мәселе қоғаммен бірге талқыланатын болады. Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмысты күшейту және осы бағыттағы заңнамалық нормаларды қатаңдату бойынша жұмыс істейтін боламыз», – деді министр.
Айта кетейік, Атырау облысында лицензиясыз жұмыс істеген «ұлттық қыздар мектебінің» қызметі тоқтатылған.