Қазақстан нарығына келген АҚШ компаниялары қайталама санкция қаупін сейілтеді – сарапшы

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

«РЖД Логистика» АҚ қазақстандық филиалының директоры Жасұлан Әлиев АҚШ компанияларының біздің нарыққа келуі қайталама санкциялар қаупін сейілтеді деп тұжырымдайды.

«Америкалық компаниялар нарыққа технологиямен, инвестициямен кіреді. Олардың нарықта болуы батыс компанияларымен көбірек кооперация құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, мұндай компаниялардың Қазақстанда транспорттық-логистикалық хаб құруға жағдай жасауы қайталама санкциялардың да тәуекелін азайтады. Өйткені ондай компаниялардың талабы күшті. Олар тек саяси тұрғыдан тұрақты, экономикалық тұрғыдан адал және тиімді нарықта ғана жұмыс істейді», – дейді Жасұлан Әлиев.

Президенттің Нью-Йоркте Wabtec және Citigroup компаниясының басшыларымен кездесіп, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыға салғаны белгілі. Wabtec компаниясы Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция салмақшы.

Wabtec компаниясының аға вице-президенті Гохан Байханның айтуынша, компания Астанадағы локомотив шығаратын зауытта өндірісті кеңейтуге қаражат салады. Бұл оның қуатын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстанның көлік желісінің тиімділігін арттыру үшін теміржол бағыттарын цифрландыру және оңтайландыру мәселесінде ҚТЖ-мен белсенді ынтымақтастық орнатпақ.

Осы ретте Жасұлан Әлиев біз үшін инфрақұрылымдық жобаларға ақша іздеу өте маңызды дейді.

«Экспорт пен импорт, сондай-ақ транзиттік тасымалға қызмет көрсету үшін транспорттық хаб пен оңтайлы логистика өте керек. Транзиттік тасымалдың кірісі де мол болады. Өйткені шығындардың төлемін теңгемен, ал көрсетілген қызмет үшін төлемді доллармен аласың. Транспорт-логистикалық хабқа қызмет көрсету үшін теміржолды дамыту, ал оны дамыту үшін инфрақұрылымды ретке келтіру керек. Мемлекет басшысының сапары арқасында екі бірдей үлкен қадам жасалды. Оның біріншісі – зауыттың акционерімен кездесіп, Қазақстанға локомотивтің жеткізілетінін растап, көз жеткізді. Ал америкалық банк қаржыландырады. Бұл – қолайлы, адал, жеңілдетілген несие. Мұндай несиені қайтару да қиынға соқпайды», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, келісімнің арқасында бізге локомотивтің соңғы үлгілері жеткізілмек. Сондай-ақ сарапшы қазіргі халықаралық логистика үлкен ойыншылармен кооперацияларды талап етуде дейді.

«Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан Темір Жолы» Транскаспий дәлізін бірлесіп дамыту бойынша сингапурлық PSA компаниясымен келісті. Меніңше, тек ҚТЖ-ға ғана міндет жүктеуге болмайды. Өйткені қазір отандық нарықта көптеген жеке және бірлескен компаниялар бар, тиісінше олар да үлкен рөлге ие. Әрі әлдеқайда жедел жұмыс істейді, мобилділігі де жоғары. Олардың нарықта еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет», дейді.

«KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Көбесов «Wabtec» компаниясының инвестициясы тек «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясына ғана тиесілі, сондықтан бұл мәміленің жекеменшік бизнеске қатысы жоқ дейді.

«Біздің бизнеске қазір инвестиция ауадай қажет болып тұр. Екінші деңгейлі банктердің жылдық ставкалары өте қымбат. Ал логистика саласындағы бизнесті дамыту үшін бізге 5-30 млн доллар көлемінде инвестиция керек. Жылдық 21 пайызбен несие алу бизнесті дамытудың тартымдылығын жояды. Ал бізде вагон жасалмайды. Екібастұзда бар, бірақ ол заманауи вагон емес. Сондықтан шығарған заттарымызға ешкім субсидия бермейді. Екіншіден, бізге Каспийге құрғақ жүк таситын кеме қажет. Оны да бізде ешкім шығармайды. Сонда ең бірінші керегі – жүк вагондары, локомотивтер, терминал құралдары, теңіз құрғақ жүк кемелері, контейнерлік тасымалдарды дамыту. Басқа халықаралық банктер жеке бизнесмендерді қарастырса, несие де қолжетімді болар еді», дейді Қанат Көбесов.

Қанат Көбесовтың пайымдауынша, ОА елдеріне, оның ішінде Қазақстанға да қатысты мынадай транспорттық тасымал тәуекелдері бар:

  • Транспорт жүйесін дамыту деңгейінің әр алуандығы;
  • Интеграцияланған және синхронды ынтымақтастықтың жоқтығы;
  • Инфрақұрылымды дамыту бойынша тапшылық және артта қалу;
  • Тікелей инвестиция қорларына шығу процедурасының қиындығы;
  • Жылжымалы құрам тапшылығы (локомотив және вагондар);
  • Адам капиталын дамыту бойынша үлкен қажеттілік;
  • Прогрессивті технологиялардың жоқтығы, цифрландырудың әлсіз және әртүрлі деңгейі.

Ол орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін төрт құрылымдық қатерді жою қажет дейді және сол қатерлерді және оларды шешу жолдарын ұсынады.

«Алғашқысы – теңізге апарар жолдың болмауы. Бұл артық көлік шығынына жол ашып, сауда өсімін тежейді. Оның шешімі – транзиттік транспорттық потенциалды дамыту, Еуразиялық транспорттық каркасты қалыптастыру. Екінші қатер – ресурстық тәуелділік және қаржылық даму деңгейінің төмендігі. Соның салдарынан ЖІӨ өсімі құбылмалы болып, халық табысының өсімі тежеледі. Оны шешу үшін жеке инвестиция тарту, өндіріс пен экспортты әртараптандыру, қаржылық қызметтер ұсыныстарын кеңейту керек. Үшінші қатер – су-энергетика саласындағы сәйкессіздік. Бұл жағдай су тапшылығын ұлғайтып, экономикалық жоғалтуларға соқтыруда. Су-энергетикалық кешенін дамыту бойынша үйлесімді жұмыс жүргізу маңызды болмақ. Төртіншісі – климаттың өзгеруі және экологияның нашарлауы. Соның салдарынан температура көтеріліп, биосфера ластанып жатыр. Шешімі – экономикада «жасыл» трансформация жасау», дейді маман.

Қазір елімізде транспорт-логистика саласында атқарылып жатқан маңызды жобалар қатарында мыналар бар:

  • «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол өткелдері;
  • Транскаспий дәлізі (Президенттің айтуынша, орта мерзімді перспективада аталған дәліз бойынша тасымал көлемі 5 есе ұлғаюы тиіс. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен күш біріктіру маңызды;
  • Ақтаудағы контейнерлік хаб құрылысы;
  • «Бақты» өткелінде жаңа «құрған порт» салу керек;
  • Қытайдың Сиань және Грузияның Поти портындағы қазақстандық терминал маңызы да жоғары;
  • «Құрық» порты толыққанды логистикалық кластерге айналуы тиіс;
  • Парсы шығанағы порттарына жол ашатын «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізі;

Ендігі үш жылда Қазақстан ЖІӨ-дегі транспорттық-логистика секторының үлесін 9 пайызға жеткізуі тиіс. Алдағы уақыттағы мемлекеттік деңгейдегі келіссөздердің барлығында осы секторға басымдық берілетіні түсінікті.

Сондай-ақ оқыңыз