Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 10 қазан күні Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те Израильдің Тель-Авив қаласынан Қазақстанға репатриациялық рейс ұшып шыққанын хабарлады.
«Бортта 166 жолаушы бар, олардың ішінде 124 ҚР азаматы және 42 шетелдік азамат. Бүгін кешке ұшақ Алматы қаласына келеді деп күтілуде», делінген министрлік таратқан хабарламада.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров борттағы 124 қазақстандық барлығы да елге қайтуға ниет білдіргендер екенін мәлім етті.
Сонымен қатар, 42 шетелдік азаматтың дәл осы репатриациялық рейске отыруына қатысты, ол азаматтар билет ақысын төлегенін атап өтті. Олардың көпшілігі «бұдан бұрын Эйр-Астананың рейстерімен ұшып шыға алмаған жолаушылар», деді Смадияров.
Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігі де Израильде
«Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен 14 қазақстандық азамат осы рейспен шұғыл эвакуацияланғанын мәлім етті.
«Ұлттық мереке кезеңінде Дубайға ұшқан тағы 2 студент Қазақстанға жақын репатриациялық рейспен қайтарылады. Естеріңізге сала кетейік, Израильде «Болашақ» бағдарламасы аясында Rabin Medical Center, Sheba Medical Center және т. б. ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтетін 16 стипендиат болған», делінген Ғылым министрлігі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 7 қазан күні Air Astana әуекомпаниясы елдегі тұрақсыз жағдайға байланысты Израильмен байланысты уақытша тоқтатқанын хабарлаған едік.
Осы әуе компаниясы 2023 жылдың 10 қазанында Қазақстан азаматтарын Израильден алып қайтатын Алматы-Тель – Авив-Алматы бағыты бойынша КС–6490/6500 рейсін орындауды жоспарлап отырғаны да мәлім болған еді.
Air Astana әуекомпаниясы тасымалдауға кез келген күнге авиабилеттері бар жолаушылар қабылданатынын хабарлаған еді. Авиабилеттері жоқ қазақстандықтар ҚР Елшілігі арқылы арнайы тариф бойынша сатып ала алатыны ескертілген.
Бұған дейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль елінен 118 қазақстандық елге жеткізілетінін хабарлаған. Оған қоса 400-ге жуық Қазақстан азаматы консулыққа тіркелмей жүруі мүмкін.
Оның дерегінше, 7 қазан күні Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кіріскен.
Сонымен қатар, Айбек Смадияров Қазақстанның Иорданиядағы елшігінің хабарлауынша Газа секторында біздің еліміздің паспорты бар 25 азамат бар екенін айтты. Олар негізінен Палестина азаматтарына тұрмысқа шыққандар.
Айта кетейік, 7 қазанда Хамас күштері Израильге шабуыл жасап, елдің оңтүстігіне басып кірген. Израиль Газаға әуе шабуылымен жауап берді.