Қазақстандықтардың 33,3%-ның интернет қызметіне көңілі толмайды
Қазақстандықтардың 33,3%-ының интернет-провайдерлердің жұмысына көңілі толмайды. Бұл жайлы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың төрағалығымен өткен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің IV-ші отырысында айтылды.
10 мың респонденттің тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижелері барысында интернет-провайдерлердің қызметтеріне деген наразылығы 33,3%-ға артқаны белгілі болған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің басшысы Асқар Тынысбековтің айтуынша ұялы байланыс қызметтеріне, интернет-провайдерлерге тарифтерді көтерудің, сондай-ақ рекреациялық, туристік, қонақ үй бизнесіне қатысты салаларға тұтынушылардың шағымдары мен өтініштер саны артқан.
Байланыс операторлары байланыс қызметін көрсету Заңы мен ережелерінің талаптарын елемейді, бұл халық тарапынан үлкен наразылық туғызады және жедел әрі жүйелі шешімді талап етеді» дейді Асқар Тынысбеков.
Жалпы, елімізде тұтынушылардан келіп түсетін шағымдар саны 2020 жылы 21 мың болса, 2022 жылы тұтынушылардан түскен шағымдар саны 30,2 мыңға жеткен. Тұтынушылардың үлес салмағы бойынша қарастыратын болсақ, шағымдарының ең көбі саудаға қатысты – 14,3 мыңға жеткен. Ал тұрмыстық қызмет көрсету саласында – 4,7 мыңға, электрондық сауда саласында – 2,6 мыңға жеткен. Тамақтану объектілерінде қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар саны – 2,8 есе, көлік және байланыс қызметтеріне қатысты – 2,5 есе, медициналық қызметтер саласына қатысты – 2 есе артқан.
Атап айтқанда, 2021-2022 жылдармен салыстырғанда телекоммуникация саласында өтініштер саны 2,5 есеге артқан.
Осы орайда комитет басшысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі уәкіл атынан цифрлық даму министрлігіне тиісті ден қоюды ұсынды.
Сондай-ақ, демалыс базаларында демалушылардан да көптеген шағымдар келіп түскен. Бұл мәселені жиында Туризм комитеті төрағасының м.а. Нұртас Қарипбаев көтерді. Ведомство басшысының мәліметінше, жыл сайын тұтынушылардан түсетін шағымдар саны 20%-ға артқан.