Бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылды

Жарияланды
Фото: Awara IT

Заман ағымынан қалмай, Қазақстан компаниялары да жасанды интеллект көмегіне жиі жүгіне бастаған. Бұл орайда қазақ тілді жасанды зердеге де сұраныс бар. Бұл жайлы Қазақстанда бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды интеллектті іске қосқан Awara IT халықаралық компаниясының өкілдері айтты.

Компания елімізде бизнес-секторға бағытталған Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

Жалпы, Стенфорд университеті жариялаған The AI Index Report 2023 есебіне сәйкес, 2022 жылы әлем бойынша жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін ұйымдардың үлесі, 2017 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып, 50-60%-ға артқан. Өйткені соңғы уақытта ЖИ компаниялардың шығынын азайтып, табыстарының еселенуіне жол ашқан. Арнайы чат боттар көбінде процестерді автоматтандыру және мәтіндерді талдау сынды бағыттарда жиі пайдаланылады.

«Қазақстан әлемдік инновациялар трендіне сәйкес, жасанды интеллект саласындағы өзгерістерді қалт жібермеуге тырысады. Алайда жоғары технологиялық шешімдерді бизнес-ортаға енгізуде мәдени ерекшеліктер мен тілді де ескерген маңызды. Қазақстан Республикасындағы 2023-2029 ж.ж. арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ел халқының 92% мемлекеттік тілді меңгерген. Сондықтан қазақ тілін түсінетін «ақылды» чат-боты бар қосымшаның қолға алынуы стратегиялық қадам», дейді жоба әзірлеушілері

ІТ мамандардың айтуынша чат-боттың сөздік қоры артуы үшін, қазақ тілді контенттің көп болғаны керек. Сапалы қазақша контент көп болса, қазақ тілді ЖИ-дің де тілі реттеліп, жетіле түседі.

«Біз жобаны дайындау барысында арнайы филолог маманмен жұмыс жүргіздік. ЖИ берген жауапта қандай да бір олқылықтар болса, маман сол сөйлемді түзеп, дұрыс нұсқасын енгізіп отырады. Солайша уақыт өте келе қазақ тілді ЖИ сапалы жауап беретін болады. Қазақ тілін түсінетін чат-боты бар қосымшаның енгізілуі коммуникациялар мен ақпарат алмасу саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ол ЖИ технологиялар негізінде жасалған, демек қолдану барысында үнемі дамып, жетіліп отырады«, дейді Awara IT Qazaqstan компаниясының бас директоры Михаил Нам.

Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында жасалып шыққан. Чат-бот басқару функцияларын дамытуға бағытталған, ЖИ-технологияларының кедергісіз интеграциясына ұмтылған компаниялар үшін қолайлы болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз