Израильдегі шиеленістен соң, ірі қорғаныс компанияларының акциялары көтерілді
Израильдегі жағдайдан соң еуропалық және американдық ірі қорғаныс компаниялыраның акциялары көтерілген. Орташа өсім шамамен 7%-9%-ды құраған.
Атап айтқанда, дүйсенбі күнгі саудада шведтік ұшақ өндіруші Saab компаниясының акциялары 9,11%-ға қымбаттап, 572,4 швед кронына (52,08 доллар) жетті. Неміс танк өндірушісі Rheinmetall компаниясының баға белгілеулері 6,5%-ға өсіп, 248,9 еуроға (264,5 доллар), ал итальяндық тікұшақ өндірушісі Leonardo 4,33%-ға өсіп, 17,59 долларға дейін көтерілді.
АҚШ-та өсім бойынша көш бастаған Northrop Grumman аэроғарыш корпорациясы. Оның акциялары +11,46%-ға өсіп, 471,49 долларды құраған. Әскери техника өндіруші General Dynamics +7,88%-ға артып, 237,17 долларға, ұшақ шығаратын Lockheed Martin +7,64%-ға, 431,04 долларға акциялары өсті.
Қару-жарақ алпауыттарының акцияларының өсуіне қарамастан, АҚШ қор нарығы минуспен ашылды. Өйткені эталондық Wall Street Memes индексі 0,3%-ға, 0,041770 тармаққа дейін төмендеді, ал Nasdaq индексі 0,5%-ға төмендеп, 15 040,25 тармаққа дейін құлдырады. Стокгольм қор биржасында да – 0,96%-ға 2 145,94 тармаққа дейін төмендеу үрдісі байқалды. Немістің XETRA-сы ғана 56,51 тармақ индексімен 1,8% өсіммен ашылды.
8-9 қазанда Тель-Авив биржасының ең ірі қор индекстері ХАМАС-тың Израильге шабуылы тұсында құлдырап кетті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Израиль шекелі АҚШ долларына қатысты сегіз жылдағы ең төменгі деңгейге дейін түскен.