Жаңалықтар

Қазақстан Ауғанстанға мемлекеттік материалдық резервтен гуманитарлық жүк жөнелтті

фото: baq.kz

Ауғанстандағы жойқын жер сілкінісіне байланысты Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетті. Жөнелтілетін гуманитарлық жүктің тізбесінде барлығы 1659 тонна көлемінде 13 түрлі тауар бар. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында мемлекеттік материалдық резервтен азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтары бөлінді.

Бұдан бөлек «СК Фармация» ЖШС Ауғанстанға жөнелту үшін дәрі-дәрмектер бөлді. ТЖМ-ның хабарламасында:

Дәрі-дәрмектер мен шатырлар Ұлттық ұланның ұшағымен жіберілді, оларды адресаттар бүгін алады.Қалған гуманитарлық көмекті жеткізу теміржол көлігімен жүзеге асырылады, – делінген.

Еске сала кетейік, бір күн бұрын Герат провинциясына іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ-нің 45 қызметкері жіберілген еді.

7 қазанда Ауғанстанның Герат провинциясында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюда Қазақстан қолдау көрсетіп, гуманитарлық көмек беретінін хабарланған еді. Үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберілетіні мәлім болған еді