Энергетика министрі Қазақстанның ішкі нарық тапшылығын өтеу үшін Ресейден газ сатып алатынын мәлімдеді

Жарияланды

фото: ria.ru

Қазақстан ел ішіндегі газ тапшылығын өтеу үшін Ресейден көгілдір отын жеткізуді жоспарлап отыр. Ресей газының ішкі тапшылықты толық қамтамасыз етеріне Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сенімді. Бұл жайлы министрдің өзі журналистерге хабарлады.

Сәрсенбі күні БАҚ өкілдерімен өткен жиында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ресей газының ел мұқтаждығын өтей алатынын жеткізді:

«Қазіргі уақытта біз индустриялық жобаларды, энергетика объектілерін салуды дамытуға байланысты ел ішінде газ тұтынудың тұрақты өсуін байқап отырмыз. ( … ) Жалпы алғанда, бұл іс-шаралар кешені белгілі бір уақытта Қытайға газ экспортын қысқартуға және қайта өңдеу қуаттары іске қосылғанға дейін Ресейден газ алуға мәжбүр болатынымызға алып келеді», – деді Сатқалиев.

Сонымен қатар, министр индустриалды жобаларды аяқтау 2028-2029 жылдарға қарай жоспарланып отырғанын нақтылады.

Яғни, осы қуаттарды іске қосу сәтіне дейін біз Ресейден біздің экономикамыздың қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беретін қосымша газ көлемін қабылдауға мүмкіндігіміз бар», – деп нақтылады министр.

Өздеріңізге белгілі, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қатысумен 14-17 маусым аралығында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды. Газ құбырлары арқылы Өзбекстан Ресейден жылына 2,8 млрд текше метр газ сатып алуға келісті.

Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға экспорттау 2023 жылдың төртінші тоқсанында басталады деп жоспарланғанын бұрын да айтқан едік. Екі жылдық келісімде тәулігіне 9 миллион текше метр, жылына шамамен 2,8 миллиард текше метр жеткізілетіні жазылған.

Бекітілген «Жол картасында» Өзбекстан аумағында «Орталық Азия – Орталық» газ құбыры арқылы Қазақстан арқылы транзитпен кері режимде газ жеткізу үшін жаңа газ өлшеу станцияларын салу қарастырылған. Газ айдау жабдығын күрделі жөндеуден өткізу және ауыстыру, 11 газ айдау жабдығын қалпына келтіру, 22 шақырым жаңа магистральдық газ құбырын тарту, 56 шақырым газ құбырын жөндеу жоспарланған болатын.

Ресей газын Өзбекстанға жеткізу үшін Қазақстан тарапы қажетті құрылысты аяқтап қалды. Ресей қазан айының соңына дейін Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ жеткізуді қолға алады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен
2020 жылғы 7 қазанда №347 бұйрығымен үш жыл мерзімге автомобиль көлігімен экспортқа тыйым салынды. Сол мерзім биыл қайта жаңартылып, тағы ұзартылды. 

Қазан айының басында Атырау облысында газ тапшылығы байқалды. Тұтынушылар арасындағы қазіргі сұранысты ескере отырып, Энергетика министрлігі Атырау облысы үшін 750 тонна көлемінде қосымша СМГ көлемін бөлді.

Көлемді жеткізу 11 қазаннан басталды.

Сондай-ақ оқыңыз