Жаңалықтар

Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган құрылды. Ол немен айналысады?

Фото: shutterstock.com

Еңбекминнің хабарлауынша, Қазақстанда Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган құрылды. Бұл мекеме адами капитал сапасы, халықты жұмыспен қамту деңгейі, Қазақстан азаматтарының табысы мен кәсіби ұтқырлығын арттыруға септігін тигізбек.

«Ұлттық органды құрудың мақсаты – экономика салаларының еңбек ресурстарына дайындығы мен қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету, тұтастай алғанда Ұлттық біліктілік жүйесін тиімді дамыту», – деді КБҰО басшысы Ерасыл Жұманбаев.

Ол сондай-ақ, ол КБҰО құру Ұлттық біліктілік жүйесінің институттары мен бірыңғай білім базасын қалыптастыруды, кәсіптік біліктілікті тану саласында табысты халықаралық тәжірибені енгізуді көздейтінін атап өтті.

Бүгінгі таңда еңбек нарығы жаһандық тенденциялардың, технологиялық прогресстің, экономиканы цифрландырудың әсерінен өзгеруде, нәтижесінде жұмыс берушілердің талаптары мен қызметкерлердің, әсіресе білім беру ұйымдары түлектерінің біліктілігі арасындағы алшақтық туындауда. Осыған байланысты қазақстандықтардың кәсіби білімін, дағдысы мен құзыретін үнемі жаңартып отыру қажеттілігі туындап отыр.

2022 жылдың желтоқсан айында Мәжіліс біліктілік туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев «Кәсіптік біліктілік туралы» заңы еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын нығайтатынын, сондай-ақ жұмыс күшіне қойылатын тез өзгеретін талаптарға жауап береді деп мәлімдеген.

Заң жобасында Ұлттық біліктілік жүйесінің толық архитектурасы, яғни оның негізін құрайтын 6 базалық компоненті ұсынылды.

  • Біріншісі – ұлттық және салалық біліктілік шеңбері. Онда аяқталмаған орта білімнен бастап PhD дәрежесіне дейінгі азаматтарға қажет болатын 8 кәсіби білім деңгейі айқындалған және осы деңгейге тура келетін біліктілік, дағдылар мен машықтардың талап-сипаттамасы  көрсетілген.
  • Екіншісі – қызметтердің ұлттық классификаторы. Бұл – еліміздің аумағында атқарылатын қызметтердің атауын, азаматтардың онда атқаратын жұмыс түрін, дағды деңгейі мен мамандандығын жіктейтін құжат.
  • Үшіншісі – қазіргі таңда еңбек нарығында бар және болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптердің тізімі.
  • Төртіншісі – кәсіби стандарттар немесе жұмыс берушілердің  кәсіби біліктілікті айқындайтын талаптары.
  • Бесіншісі – білім беру бағдарламалары.
  • Алтыншысы – кәсіби біліктілікті растайтын сертификат.