KASE мен AIX қашан бірігеді: Қазақстан қор биржасы басшысының жауабы
Коллаж: kursiv.media
Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген KASE-нің Астана халықаралық қаржы орталығы – AIX биржасымен бірігуіне қатысты пікір білдірді. Қыркүйек айының басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берген еді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, біз оны пысықтап жатырмыз. Осы мақсатта жұмыс тобы құрылды, бұл тапсырма 2024 жылдың наурызына қарай орындалмақ. Қазіргі уақытта биржалар қалай бірігетінін нақты айта алмаймын. Бұл жерде көптеген факторлар ескеріледі», – деді Алина Алдамберген брифингте.
Осы орайда KASE 2024 жылдың наурыз айында биржалар бірден бірікпейтінін, тек қосылу схемасы жайлы шешім қабылданатынын түсіндірді. Алина Алдамберген KASE мен AIX екі түрлі құқықтық режимде жұмыс істейтінін және екі түрлі реттеушіге бағынатынын айтып өтті. KASE-де AIX құралдарымен еркін сауда жасауға болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ құралдар тізімі де кеңейтілмек. Тағы бір мәселе – сауданы ұйымдастыру, есеп айырысу және бағалы қағаздарды орналастыруға қатысты.
«Әзірге бұл мәселелер шешімін таппады, әлі талқыланып жатыр. Егер биржа бизнесі тұрғысынан қарасақ, бір немесе бірнеше биржа болуы мүмкін. Дегенмен Қазақстан үшін екі биржа тым көп деген пікірге қосыламын. Биржа бизнесі тұрғысынан оңтайландырудың мәні бар. Бұл жердегі мәселе – бүкіл тараптың мүддесін ескере отырып реттеу, бөлу», – деп түсіндірді KASE басшысы.
Қасым Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздегі екі қор биржасын біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерді. Президенттің айтуынша, олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады.
«Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет»,- деді Президент.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE базасында біріктіру керек деп санайды: өйткені мұнда негізгі өтімділік шоғырланған.
«Әрине, реттеушінің AIX-ке қатысты қызметінде кейбір оң аспектілер байқалады, оған қоса ол – жеке платформа. Бұл мүмкіндікті пайдалануға болғанымен, бәрібір қос биржа KASE негізінде бірігуі керек. Өйткені өтімділік әлі де Алматыда жоғары», – деп атап өтті Бахмутова.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенеміз деген болатын.
Осы орайда экономист Бауыржан Шурманов қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы қор нарығы әлі де белсенді емес, ол негізінен квазимемлекеттік компаниялардың шығуы бойынша мемлекеттік оқиғаларға байланысты.
Қазақстан қор биржасының құрылғанына биыл – 30 жыл. 1993 жылдың 17 қарашасында шетел валютасының сауда-саттығын ұйымдастыру үшін Қазақстандық банкаралық валюталық биржасы құрылып, бірнеше жылдан кейін оның атауы Қазақстан қор биржасы деп өзгертілген. Құрылған сәттен бастап KASE – Қазақстандағы қор және валюталық нарықтарға қызмет көрсететін, қаржы нарығының ажырамас инфрақұрылымы болып табылатын және отандық экономикада маңызды орын алатын биржа.
Ал AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ – AIX акционері. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді.