Өте жақсы болуы мүмкін еді: Тоқаев Қазақстанның Азия ойындарындағы көрсеткішіне қатысты пікір білдірді

Жарияланды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Азия ойындарындағы көрсеткіші «өте жақсы болуы мүмкін еді» деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет екеніне назар аударды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Бүгін Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады. Президент спортшыларды Азиада ойындарында алған 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медалімен құттықтаған. Дегенмен көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін еді деп атап өтті.

«Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет», – деді Президент.

Осы ретте Тоқаев ел спортына түбегейлі реформа керек екенін, Азиадағы нәтиже мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын байқатқанын айтып өтті.

«Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.

Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) және федерациялар арасында үйлесім жоқ деді.

«Тиімді байланыстың, ықпалдастықтың және өзара жәрдемдесудің болмауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни, жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) өтті. Қазақстан 1994 жылдан бері өз тарихындағы ең нашар нәтиже көрсетіп, алтын медаль саны бойынша он бірінші орынды иеленді. Салыстырар болсақ, Джакартада өткен ойындарда Қазақстан 15 алтынмен тоғызыншы орынға тұрақтаған.

Азия ойындарының чемпионы атанған спортшыға Қазақстанда 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5000 АҚШ доллары қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз