Шахматты өзі үйренген спортшы «Шахмат керуенінің» Түркістан қаласында өтетін финалына жолдама алды

Жарияланды
«Тұтыну нарығы» бөлімінің редакторы
Фото: ҚШФ

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды шахматшылар «Шахмат керуенінің» жартылай финалдық кезеңінде бақ сынап жатыр.

Қазақстан шахмат федерациясының керуені 14 мың шақырымдық жолдың жартысын басып өтті. Ол Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды ​​және Павлодар қалаларынан өтіп, еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысына – Семей, Өскемен, Талдықорған және Қонаев қалаларына ат басын бұрды. Тараз қаласына тоқтаған керуеннің алдында әлі 8 қала бар.

«Шахмат керуені» баратын қалаларда ұйымдастырушылар жылжымалы сахна мен киіз үй тігеді. Оның ыңғайлы болғаны сондай, турнир өткізуге Таразда жауған жаңбыр да, Талдықорғандағы аптап ыстық та кедергі болмады. Осы киіз үйде әуесқойлар арасындағы блиц-турнирдің жартылай финалы өтеді. Жеңімпаздар 10 қарашада турнирдің Түркістанда өтетін финалында бақ сынамақ. Бас жүлде – бес миллион теңге үшін сайысқа түсетін шешуші кездесуге жолдама алып үлгерген шахматшылардың тізімі сан алуан.

Мәселен, Тараз қаласында Жамбыл ауданы, Аса ауылынан келген геодезист Қуандық Қыдырмұхаметов жеңімпаз атанды. Ол шахматты еш жаттықтырушысыз, бірде-бір үйірмеге қатыспай-ақ, кітаптардан үйренгенін айтады. Қыдырмұхаметовтен бір табан артта қалған Меркі ауылынан келген 16 жастағы Илья Кармаев екінші орынды иеленді. Илья шахматтағы шеберлігін тәлімгерлердің жетекшілігімен шыңдағанды жөн көріп, онлайн жеке сабақ алады. Өйткені оның туған жерінде жоғары деңгейлі кәсіби мамандар жоқ. Үшінші орынды Рысқұлов ауданы, Құлан Тұрар ауылының мұғалімі Жандос Әдібаев иеленді.

Жетісу өңірінде өткен жартылай финалға аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, полиция полковнигі Олжас Түгелбаев қатысты. Ол маусым айында тәртіп сақшылары арасындағы бірінші турнирде жеңіске жеткен. Олжас Түгелбаев бауырлары: ағасы Ғани, інісі Талғатпен бірге жартылай финалға өтті. Үшеуі де бала кезінен шахмат ойнаған.

«Біз үйде де ойнап тұрамыз, бірақ кім үздік екенін нақты айту қиын, бәріміз шамамен бір деңгейде ойнаймыз», – дейді Ғани Түгелбаев.

Шығыста жас буын шахматшылар жеңімпаз атанды. Өскеменде 13 жасар Айза Төлекенова бірінші орын алса, Семейде 19 жастағы Арлан Әбузуаров жеңімпаз атанды.

Алматы облысында Есентай Арсенге тең келер ешкім болмады. Талғарлық 14 жасар оқушы бұл ойынға балабақша кезінен қызыққан.

«Арсен алты жасында теледидардан шахмат туралы бағдарламаны көріп, шахмат үйірмесіне беруді сұрады. Бала тез жалыға ма деп едік, бірақ шахматты тастамады. Уақыт өте келе турнирлерде жеңіске жете бастады. Енді ол гроссмейстер, әлем чемпионы болуды армандайды», – дейді жартылай финал жеңімпазының анасы Сәния Мұхаметқалиева.

Оның айтуынша, бұған дейін Арсен екеуі маңызды жарыстарға қатысу үшін Алматыға баратын. «Қазір Талғар мен Қонаев қалаларында тартысты турнирлер өткізіле бастады. Яғни, өңірлерде шахмат біртіндеп дамып келеді. Шағын қалаларға да назар аудара бастағанына өте қуаныштымын», – деді Мұхаметқалиева.

«Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары, мен 20 адамға мұндай ауқымды мереке өтеді деп ойламадым. Бұл мен төрелік етіп отырған бірінші турнир емес, тіпті ұлттық және халықаралық жарыстарда да мұндайды көре бермейсің», – деп турнирдің төрешісі Дмитрий Благодаров Конаевта өткен жартылай финалдан алған әсерімен бөлісті.

«Керуен» бағыты бойынша әрбір облыс орталығында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Абай ауданында Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов төраға болып сайланды. Ал Талдықорғанда – облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли. Өскемен, Тараз және Қонаев қалаларындағы бөлімшелерді жергілікті кәсіпкерлер: Әнуар Рахимов, Қуат Қожамжаров және Жәнібек Сәуірбек басқарды.

«Бізде ашылмаған таланттар көп. ҚШФ бөлімшелері оларды анықтауға мүмкіндік береді. Бәлкім, қазір Алматы облысының бір жерінде Фишер боласа Каспаров деңгейіндегі болашақ шахмат данышпаны өз мүмкіндігінен бейхабар жүрген шығар. Еліміздің ең шалғай ауылдарынан осындай таланттарды анықтау – федерация жергілікті өкілдігінің үлкен міндеті», – дейді G4 City басқарушы компаниясының бас директоры Жәнібек Сәуірбек.

Айта кетейік, «Шахмат керуені» 10 қыркүйекте Көкшетаудан шыққан, екі ай ішінде Қазақстанның облыс орталықтарын аралайды. KazChess-тің бұл бастамасы Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Жобаның идеясы Қазақстан тарихы және Ұлы Жібек жолының керуендерімен байланысты. Ұлы Жібек жолындағы керуендер тек тауар ғана емес, жаңа ілім-білімді де жеткізуші болды, соның арқасында шахмат Үндістаннан Азияға да, Еуропаға да жетті. Шараның басты мақсаты – еліміздің ең шалғай аудандарында да ойынды кеңінен насихаттау.

Тамыздың соңы – қыркүйек айының басында республиканың 20 қаласында (оның ішінде Алматы мен Астана) ФИДЕ ережесі бойынша біріккен блицтен іріктеу турнирлері өтті (бұл форматта ойын 10 минуттан аспайды). Әр облыста 70-тен 160-қа дейін адам қатысты. Бірінші кезең қорытындысы бойынша, облыстық жартылай финалға жолдама алған 20 ойыншы іріктелді.

Турнир – Қазақстан шахмат федерациясының ауқымды ребрендингінің бір бөлігі. ҚШФ вице-президенті Александр Бабенко «Курсивке» жоба туралы толық айтып берген еді. Керуен жолындағы үздік бес қаланың нәтижесі туралы мына жерден оқып, бейне шолуды көре аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз