Жаңалықтар

Қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбастан несие мен қарыздарды ұзартады – Т. Дүйсенова

фото: kursiv.media

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова азық-түлік қауіпсіздігі, экологиялық проблемалар жайлы айтты.

Астықты өңірлердегі ауа райының қолайсыздығы себебінен қазір бұл мәселе өзекті болып тұр. Т. Дүйсенова бұған қатысты астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін мәлімдеді.

Ендігі кезекте қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбай несиелер мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асырады. Сондай-ақ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қорлары негізінде тұқым қоры қалыптасады.

Министрдің айтуынша, агроөндіріс кешенін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл шара ауылшаруашылық өндірушілерін қолдау мақсатында астықты тікелей сатып алуды да көздейді.

Премьер-Министрінің орынбасары еліміздегі астықтың жиын-терін көлемі елімізді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатынына сендірді.

Мұнымен қоса, өз баяндамасында Т. Дүйсенова экологиялық мәселелерге де тоқталды. Арнайы өңірлердің экологиялық проблемаларын нақты анықтау үшін комиссия құрылғанын атады. «Арселоор Миттал»-да экологиялық аудит жүргізіліп жатқанын еске салды.