Депутат FlyArystan билеттерінің бағасы туралы: «Мұндай бағалар масқара емес пе?»
Мәжілісте депутаттар еліміздегі авиакомпаниялардың билет құнына қатысты мәселені көтерді. Депутат Айдос Сарым халыққа қолжетімді болу үшін құрылған FlyArystan әуе компаниясының бағалары аспандап кеткенін айтты.
«Қоғамдық палата тұтынушылар мен сарапшылар қауымдастығы жолаушыларды авиатасымалдау қызметтерінің жоғары бағаларына қатысты мәселені үнемі көтеріп отырады. Бұл туралы талай депутаттық сауалдар да жолданды. Атап айтқанда, адамадар төмен бағалы бюджеттік авиакомпаниялардың билеттерінің бағасы күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады. Бұған Air Astana ұлттық тасымалдаушысының еншілес компаниясы FlyArystan айқын мысал бола алады», деді депутат.
Ол бұл авиакомпанияның бастапқыда адамдарға әлеуметтік қолжетімді бағамен билеттерді алу үшін құрылғанын, сондай-ақ жастарымыздың қатынап тұруына, еліміздегі ішкі туризмді дамытуға негізделгенін айтты.
«Қазір бұл компанияның билеттерінің бағасы бас компанияның бағасымен теңесіп тұр. Кейбір жерде өсіп те жатады. Бір ғана бір мысал айтайын, кешегі бір жиынға біздің әріптестеріміз билетті 55 мың теңгеге сатып алды. Мұндай бағалар масқара емес пе?Сондықтан министр мырзаға нақты сұрағым бар. Болашақта азаматтарымыз авиабилеттерді қолжетімді бағамен сатып алу үшін министрлік қандай шаралар қабылдап жатыр?» деді Сарым.
Көлік министрі Марат Қарабаев сұраныс ұлғайғандықтан бағалар да өскенін жеткізді.
«Жалпы мәселе сұраныс пен ұсыныста. Мысалы 2021-2022 жылдармен салыстырғанда авиатасымалдауға сұраныс 17%-ға өсті. Биыл 26%-ға өсіп отыр. Сұраныс өсіп жатыр, ал ұсыныс сұранысқа төтеп бере алмай жатыр. Бұл мәселені шешу үшін ұшақтардың санын көбейту керек. Былтыр отандық авиакомпаниялар 14 ұшақ алған. Биыл тағы да 11 ұшақ алады. Нәтижесінде Қазақстан ұшақтарының саны 100-ге жетеді және ондағы орындықтар саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Яғни 3 мың орын қосылады. Ал 2024-2025 жылдарға қарай тағы 30 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Солайша орындар 20 мыңға жетеді», деді.
Министрдің айтуынша бағалар бәсекелестік артса тұрақтанады. Сол мақсатта FlyArystan Air Astanaның құрамынан шығарылып жатыр және Qazaq air да жекешелендіріледі. Солайша нарықта 4 бір біріне қатысы жоқ компания пайда болады. Нәтижесінде бәсекелестік артып, бағалар реттелмек.
«Одан бөлек біз елге шетелдік ірі компанияны тартып, осында тіркеп, бесінші авиакомпания ретінде дамытамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы шаралар бағалардың тұрақтануына көмектеседі деп ойлаймыз», деді.
Ал Ерлан Қошанов бәсекелестік өскен сайын бағалардың да өсіп жатқанын айтты. Мәжіліс төрағасының бұл пікірін Айдос Сарым да қолдады. Депутат лоукостер құрып, үлкен ұшақтарды лизингке алуда еліміздің Өзбекстаннан қалып қойғанын атап өтті.
«Біз үлкен ұшақтарды лизингке алуда біраз елдерден кешігіп жатырмыз. Үлкен ұшақтарымыз жоқ. Мысал үшін Нью-Иоркқа ұшатын үлкен ұшақ жоқ. Шетелге қараңызшы, бір елден екінші елге студенттері небары 18-15 долларға қатынап отырады. Ал біздің авиация саласы ең үлкен қолдау алып отырған сала. Мұны мемлекеттік компания жасай алмаса, жеке меншік компаниялар жасайды дегенге сенбеймін» дейді ол.
Осыған дейін, әуе билеттерінің тым аспандап кеткенін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та сынады. Ол әуе билетінің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан екі есе қымбат екенін айтқан болатын.
«Рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым көп. Рейстердің кешігу себебі уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін», – деді Смайылов.