Италия Ресей газына тәуелділігін 80%-ға азайтты

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Италиялық Eni компаниясының басшысы Клаудио Дескальци газ нарығындағы бағалар Ресейден жеткізілетін газдан толыққанды бас тартқан кезде тұрақталатынын айтты. Ол сонымен бірге Италияның Ресей газына тәуелділігі 80%-ға азайғанын мәлімдеді.

Яғни бұл мемлекет елге кіретін газ көлемінің 80%-ын басқа елдерден жеткізе бастады.

«Өткен жылы біз Ресейден келетін газ көлемінің 50%-ын ауыстырған болатынбыз. Осы күні біз бұл көлемді 80%-ға жеткіздік. Ал 2024-2025 жылдарға қарай газ көлемін 100%-ға жеткіземіз», – деді Клаудио Дескальци Corriere della Sera газетінің қатысуымен ұйымдастырылған энергетикалық форумда.

Ол 100 пайыздық көрсеткішке Италияның барлық жоспарланған қайта газдандыру терминалдарын іске қосу арқылы жетуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ «АҚШ, Норвегия, Африка және Шығыс елдерімен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау арқылы» Италия өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады деп санайды.

Солайша Италия Ресей газынан алдағы екі жыл ішінде толық бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл орайда Италия газды Қазақстаннан жеткізуді жоспарлап отыр. Өйткені Eni энергетикалық компаниясы мен QazaqGaz Еуропаға газ жеткізу үшін Қашағандағы газ өңдеу зауытына бірлесе инвестиция салуға келіскен болатын.

Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК Eni-мен бірігіп Жаңаөзен қаласында жаңартылатын энергия көздері негізінде Гибридті электр стансасының жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге келді. Аталмыш жоба қағидаттары туралы келісімге «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Eni компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци қол қойды.

Жоба Eni компаниясының халықаралық индустриялық тәжірибесін қолданып, түрлі технологиялардан тұратын новаторлық гибридті кешен салуды көздейді. Атап айтқанда, еншілес кәсіпорны Eni Plenitude әзірлеген жаңартылатын энергия көздері негізінде жұмыс істейтін заманауи электр стансалары және қуат көзін теңестіретін (маневрлі қуат) газ электр стансасы салынады. 

Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі. 

Сондай-ақ оқыңыз