Жаңалықтар

Риддер ЖЭО-сы коммуналдық меншікке өтеді

Фото: kursiv.media

Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шешімімен Риддер ЖЭО-сы коммуналдық меншікке беріледі. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізіп, онда Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасқан жағдай қарастырылды.

Өткен жылдың қазан айынан бастап станцияда бірқатар апаттар болды, соның кесірінен қала тұрғындарын жылумен және электрмен қамтамасыз ету дұрыс жүргізілмеді. Оған себеп, ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмаған, станцияның техникалық жай-күйі әбден тозған.

Оны жөндеуге биыл Үкімет резервінен және облыс әкімдігінен қаражат бөлініп, станцияның барлық 6 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Қазіргі уақытта 3 қазандық бойынша іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы 3 қазандықты жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

«ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, станцияны әкімдіктің коммуналдық меншігіне береді деген уағдаластыққа қол жеткізді. Премьер-Министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажетті ұйымдастару-құқықтық жұмыстарды жүргізуді тапсырды», делінген баспасөз хабарламасында.

Осыған дейін жеке меншік қолындағы ЖЭО-ларда міндеттемелер орындалмаса станциялар мемлекетке қайтарылуы мүмкін екендігі айтылған болатын. Үкімет басшысы 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда, станцияларды мемлекет меншігіне қайтарылады.

Еске сала кетсек, Риддер ЖЭО-сының қарызы 5,5 млрд теңгеге жеткен. Оны жөндеуге Үкімет 8,3 млрд теңге жұмсады.