Алматы экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Досаев президентке есеп берді

Жарияланды
Досаев
Фото: Акорда

Алматы экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл ретте жеке инвестициялар 7,3%-ға ұлғайды, бұл туралы ел Президентіне мегаполис әкімі Ерболат Досаев баяндады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы баяндалды.

Ерболат Досаевтың мәліметіне сәйкес:
– қала экономикасы қарқынды өсіп, қысқа мерзімді экономикалық индикатор жыл басынан 13,5 пайызға көтерілген;
– өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны (+21%) бойынша Алматы елімізде тұрақты түрде бірінші орында келеді;
– мегаполис экономикасына 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды;
– жеке инвестициялардың өсімі 7,3 пайызды құрады;
– белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 341 мыңға дейін жетіп, 25,8 пайызға артты;
– республикалық бюджеттің түсімі 38,4 пайызға өсіп, 3,91 триллион теңгеге дейін жетті;
– жергілікті бюджеттің түсіміне қатысты жоспар 28,7 пайызға (243 млрд теңге) асыра орындалды;
– жыл басынан 58,7 мың жұмыс орны ашылды, оның 77 пайызы – тұрақты жұмыс;
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімінің қарқыны 6,5 пайызға дейін жетеді деген болжам бар;

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 18 тамызда Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берілген тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлім етілді: 

-сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жер сілкінісі туралы алдын ала хабарлайтын 28 сейсмостанция орнату жұмыстары толығымен аяқталды;

– төтенше жағдай кезінде адамдар жиналатын 545 қауіпсіз орын анықталды.

Бұдан бөлек:
– медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандарты әзірленді;
– жыл басынан бері өлім-жітім көрсеткіші 11 пайызға, ана өлімі 32,4 пайызға, бала өлімі 35,5 пайызға төмендеді;
– білім беру саласында 4,9 мың оқушыға арналған 10 мектеп және 4 қосымша оқу корпусы салынды;
– жыл соңына дейін қаладағы жасыл-желек көлемі жан басына шаққанда 12,3 шаршы метрге дейін ұлғаяды;
– жыл басынан жасыл-желекті автоматтандырылған суару жүйесімен қамту көрсеткіші 3,4 есе өскен. Биылғы 9 айда 405 гектар аумақта жұмыс жүргізілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 587 гектарға дейін жеткізіледі;

Сонымен қатар Президентке Алматыдағы орталықсыздандыру ісінің аралық нәтижелері таныстырылды.

– Мемлекет басшысы қолдаған бастама аясында аудан әкімдіктеріне олардың бюджеттерін 3,1 есеге, яғни 184,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайта отырып, 15 функция берілді;
– бүгінде 196 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 100 шақырымнан астам сумен жабдықтау және су тарту желілері салынды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды сапалы сумен, су бұру желілерімен қамтамасыз ету, инвестиция тарту жөніндегі шараларды күшейту, сондай-ақ Алматы агломерациясымен көлік байланысын жақсарту жөніндегі жобаларды одан әрі іске асыруға ерекше назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз