«Бәйтерек» холдингі компанияларының миллиардтаған дивиденді қайда кетеді: қазынаға ма, қорға ма?

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: .kursiv.media

Ірі ұлттық басқарушы холдинг – «Бәйтерек» құрамындағы еншілес компаниялар соңғы жылдары өз акционеріне белсенді түрде дивиденд төлей бастады. Finprom мәліметі бойынша, «Бәйтерек» ҰБХ еншілес ұйымдарының ішінде жалғыз акционер ретінде холдингке төленген дивиденд көлемінің өсімі бойынша көшбасшы – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ. Дивиденд көлемі бір жылда 8,6 есе өсіп, 2022 жылы 31,3 млрд теңгеге жеткен (бір жыл бұрын 3,6 млрд теңге болған). 2022 жылы компанияның таза пайдасы да 8,6 есе артып, 44,7 млрд теңгеге жетіпті.

Дивидендтерді төлеуден басқа, қалған пайда инвестициялық және операциялық қызметті қолдауға және ҚТК қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жұмсалады. Еске салайық, 2021 жылы «Бәйтерек» ҰБХ-ның үш еншілес ұйымын: «Бәйтерек девелопмент», «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» және «Қазақстан ипотекалық компаниясын» біріктіріп, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ретінде құрылды.

Төленген дивиденд өсімі бойынша екінші орында – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (2020 жылы таратылған «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымы): мұнда төленген дивиденд көлемі 2,2 есе өсіп, 13,7 млрд теңге болды. Үздік үштікке баспанаға қатысты тағы бір қаржы институты — «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ кіреді. Бір жылда 2 еседен астам өсіп, 67,2 млрд теңгеге жетті.

2022 жылы «Қазақстанның даму банкі» АҚ және «Bereke Bank» АҚ дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады.

Еншілес компаниялардың дивидендтік саясатының холдинг жұмысына қалай әсер ететіні туралы сауалымызға былай жауап беріледі.

«Холдингтің еншілес ұйымдарына қатысты дивидендтік саясат холдингтің жалғыз акционерінің (Қазақстан Республикасының Үкіметі) холдинг төлейтін дивидендтер бойынша талаптарын ескере отырып, холдинг пен еншілес ұйымдар мүдделерінің теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді. Холдинг «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер мен ұйымдардағы мемлекеттік қатысу үлестеріне кірістер туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 142 қаулысын басшылыққа алады. Сонымен қатар есептелген дивидендтер кірістер мен шығыстар туралы есептің элементі емес. Себебі, бұл төлемдер меншікті капиталдың элементі – бөлінбеген пайда есебінен жүргізіледі. Тиісінше, дивидендтер еншілес ұйымдардың шығындарына әсер етпейді».

Бізге берілген жауап бойынша, еншілес ұйымдардың холдингке төлейтін дивидендтердің мөлшері ішкі құжатқа сәйкес белгіленеді.

Сондай-ақ:

  • Холдингтің жалғыз акционерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары бойынша төлемдер мен шығындарды, оның ішінде Жалғыз акционерге төленетін дивидендтерді қамтамасыз ету (республикалық бюджетке төленеді);
  • Холдингтің ағымдағы қызметін қаржыландыру;
  • Холдинг қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қызметтің жаңа түрлерін және инвестициялық жобаларды қаржыландыру;
  • Холдингтің қаржылық міндеттемелерін орындау үшін қажет ақшаны жабуы тиіс.

«Бәйтерек» өзінің еншілес компанияларына жыл қорытындысында дивиденд қаражатын төлеуге қатысты нақты соманы талап ете ме? Қор өкілдерінің айтуынша, еншілес ұйымдар белгілі бір кезең үшін төлейтін дивидендтердің нысаналы мөлшері кезең ішіндегі шоғырландырылған таза пайданың 70 пайызын құрайды.

«Бұл ретте, дивидендтердің мөлшері еншілес ұйымдардың қаржылық-экономикалық жағдайына байланысты қайта қаралуы мүмкін, алайда қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қаржылық тәуекелдерді жабу үшін негізді қажеттіліктер, оның ішінде болжамды кассалық алшақтық, еншілес ұйымның өз қаражаты есебінен қаржыландырылуы тиіс жоғары табысты жобалардың іске асырылуы, нормативтік құқықтық актілерде (ковенанттарда) белгіленген дивидендтер төлеу жөніндегі шектеулердің сақталуы, шығыстарды қаржыландыруға қажеттілік ескеріледі», делінген жауапта.

Статистикаға мән берсек, «Бәйтерекке» дивиденд төлеу бойынша «Даму» қорының, «Қазақ Экспорт» компаниясының нәтижелерінің бірнеше жыл қатарынан төмен болып келе жатқанын байқауға болады.

«2019 жыл мен 2022 жыл аралығында «KazakhExport» ЭСК» АҚ нысаналы мөлшерден кем емес (таза табыстың 70 пайызынан кем емес) мөлшерде дивидендтер төледі. «Даму» КДҚ» АҚ-ның 2019-2021 жылдар үшін дивидендтері нысаналы мөлшерде төленді. Сонымен қатар 2022 жылдың нәтижелері бойынша «Даму» КДҚ» АҚ-ның таза табысының құрамында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес көрсетілетін айтарлықтай ақшалай емес табыстың болуы ескеріле отырып, «Даму» КДҚ» АҚ дивидендтерді төмендетілген мөлшерде (таза табыстың шамамен 26 пайызы) төледі. Жалпы, әртүрлі компанияның дивидендтерін салыстырған кезде активтердің мөлшерін, іске асырылатын бағдарламалар мен қызмет түрлерінің ерекшеліктерін ескеру қажет. Холдингтің еншілес ұйымдары ұсынатын құралдар нарықтық өтемақы алуды көздемейді, бұл кәсіпкерлік субъектілеріне және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», деп жауап береді «Бәйтерек».

Олардың айтуынша, соңғы төрт жылда «Даму» қорында таза табыстың өсу серпіні байқалады. Көрсетілген кезеңде «Даму» қоры холдингтің дивидендтік саясатында белгіленген мөлшерде дивидендтер төлеп келді.

«Дивидендтер есепті кезеңдегі бос ақша ағыны негізінде есептелді. Осылайша, есептік 2022 жыл үшін төленетін дивидендтердің мөлшері 13,4 млрд теңгені құрады немесе ақшалай баламада қалыптастырылған таза пайданың 70 пайызы. Қордың иелігінде қалған сома қордың мемлекеттік және жеке бағдарламалары шеңберінде микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беруге бағытталатын болады, бұл мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат тартпауға мүмкіндік береді. Нақты айтқанда, елдің өңірлері мен моноқалаларында экономиканың басым секторларында жұмыс істейтін ШОБ субъектілеріне қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, әйелдер кәсіпкерлігін және «жасыл» қаржыландыру жобаларын қолдау ұлғайтылмақшы», делінеді жауапта.

Холдинг басшылығының пікірінше, KazakhExport шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы даму институты болғандықтан, коммерциялық пайданы көздемейтінін ескеру қажет.

«KazakhExport-тың маңызды міндеті – Қазақстанның шикізаттық емес экспортының өсуін қолдау. Сондықтан экспорттаушыларға көрсетілетін қызметтер ең төменгі және қолайлы тарифтер бойынша ұсынылады. Бұл ретте, Kazakh Export коммерциялық тәуекелдерді өз мойнына алады. Қазіргі уақытта KazakhExport-тан басқа Қазақстанның сақтандыру ұйымдарының ешқайсысы өңдеу секторындағы экспорттаушы кәсіпорындарға және екінші деңгейдегі банктерге сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандырмайды және экспорттық мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. », дейді «Бәйтерек».

Холдинг 2023 жылғы 8 қыркүйекте 2022 жылдың қорытындылары бойынша 58 616 337 626 (елу сегіз миллиард алты жүз он алты миллион үш жүз отыз жеті мың алты жүз жиырма алты) теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуді жүзеге асырды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша еншілес компаниялардан алған дивиденд қаржысы 250 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл ретте таза табыс 350 млрд теңгеге жеткен. Осындай іргелі көрсеткіштер көрсете тұра, тек 58 млрд теңге дивиденд төлеу аз емес пе? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ұлттық басқарушы компанияларды 100 пайыз табысын мемлекеттік бюджетке беру туралы тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр? «Бәйтеректің» жауабына сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің таза пайдасы ішінара халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес есептелетін ақшалай емес кірістерден тұрады.

«Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер мен ұйымдардағы мемлекеттік қатысу үлестеріне кірістер туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 142 қаулысына сәйкес холдинг 2022 жылдың қорытындысы бойынша 58,6 млрд теңге төледі. Дивидендтердің мөлшерін ҚР Үкіметі холдингтің қаржылық міндеттемелеріне қызмет көрсету мен өтеуге қажет шығынды шегеріп, дивидендтер төлеу үшін қолжетімді бос қаражат мөлшерінде айқындаған», делінеді жауапта.

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары төлеген дивиденд (млрд теңге)

Еншілес компания20222021Өсім
«Қазақстан Тұрғын Үй компаниясы» АҚ31,33,6763,4 пайыз
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ13,76,1124,7 пайыз
«Отбасы банкі»67,232,9104,5 пайыз
«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ1,81,162,9 пайыз
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ13,417,5-23,4 пайыз
«Bereke Bank» АҚх130,0
«Қазақстан Даму Банкі» АҚх15,7
«Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ1,4
Сондай-ақ оқыңыз