Мәжіліске қайтарды: Сенат Ұлттық қордан балаларға қаражат аударуды көздейтін заң жобасын мақұлдамады
Сенат Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу және пайдалауға қатысты заңның жекелеген баптарын мақұлдамай, заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Бейсенбі сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңды қарады.
Екінші оқылымда сенат депутаты Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, заңды талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізу қажет болған. Біріншісі – Заңның кейбір ережелерін ішінара сәйкестендіру.
«Мәселен, банк салымдарын қайтаруды реттейтін Азаматтық кодекстің және жекелеген банк операцияларын реттейтін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңның нормаларында нысаналы жинақтар ұғымын пайдалануды болдырмау қажет. Өйткені нысаналы жинақтар тек БЖЗҚ-ның нысаналы жинақтау шоттарында болады», – деді сенатор.
Екіншісі – Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерінің құзіретін регламенттейтін, қайталанатын нормаларын алып тастау.
Үшінші – Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы заңның қолданылуы тоқтатылуына байланысты ҚР арнаулы мемлекеттік органдары туралы заңның нормаларына сәйкес келтіру.
«Банктер мен салымшылар арасында даулы жағдайларың туындау тәуекелдерін болдырмау мақсатында пайдаланылмаған нысаналы жинақтарды төлеу қаражатын банк шоттарынан БЖЗҚ шоттарына АҚШ долларымен аудару кезінде аударым күніне емес, аударым сәтіне теңгемен айырбастауды көздеу; Заңның кейбір ережесін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкестендіру», – деді Бекбол Орынбасаров.
Сенатордың айтуынша, ресми деректер бойынша қазір елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 6,7 млн адамды құрап отыр.
«Ұсынылған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады. Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді», – деді Бекбол Орынбасаров бірінші оқылымда.
Айтуынша, тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үйдің жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты пайдалану тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана рұқсат етіледі.
Сонымен қатар бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуына мүмкіндік беріледі.
Қазақстан Республикасы азаматтары 18 жасқа толғанға дейін – «қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін – «алушылар» санатына көшеді.
«18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады, өзі ашқан уәкілетті операторлардағы шоттарға жіберіледі. Сондай-ақ, алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған немесе ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады», – деді сенатор.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын.
Жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады.