2023 жылы «Самұрық Қазына» мемлекетке қанша дивиденд төлейді?
Фото:shutterstock.com
2023 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекеттің пайдасына шамамен 658 млрд теңге бермек. Бұл қаражат дивидендке, әлеуметтік сала және қайырымдылыққа жұмсалады. Бұл туралы қордың Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов мәлім етті.
«Алдын ала дерек бойынша, Қор республикалық бюджетті 146 млрд теңгеге толықтырады. Мемлекетке дивиденд шеңберінде 353 млрд теңге бағытталатын болады. Активтерді жекешелендіру қорытындысы бойынша мемлекет қосымша 92 млрд. теңге алады. Осы сомалар бойынша акционердің соңғы шешімін күтіп отырмыз», – деді ол.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 67 млрд.теңге бөлінген. Мират Өтеповтың айтуынша, бұл қаражат әлі күнге «Самұрық-Қазына» қорының банк шоттарында сақтаулы тұр.
«Төлем уақыты келгенде біз бұл ақшаны бөлеміз. Ақша жұмыс істеуі керек», – деді Өтепов.
Айта кетейік, Президент тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» жыл сайын таза кірісінің 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударады.
Қордың экономика және қажы жөнінде басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылы 1,922 триллион теңге таза пайда тапқанын мәлімдеген. Соның 322 миллиард теңгесін жалғыз акционері – Қазақстан үкіметіне дивиденд ретінде төлейді.
Ал биылғы таза пайда 1,8 трлн теңге көлемінде болады деп күтіліп отыр.
Қыркүйектің басында AMANAT партиясы фракциясының депутаттары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың табысын ашық жариялауды талап еткен еді. Мәжілімендер 2022 жылы «Самұрық-Қазына» мемлекетке берілетін пайданың 70%-дың орнына тек 10%-ын, яғни былтырғы 1 триллион 629 млрд теңге таза табысының 170 млрд теңгесін ғана төлеген деп мәлімдеді.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар.