«Өте жақсы нәтиже»: Самұрық-Қазынаның 2023 жылғы таза пайдасы қысқармақ
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 2023 жылы 1,8 трлн теңге таза пайда алуды жоспарлап отыр. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,1%-ға аз. Алайда қордың экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов бұл өте жақсы көрсеткіш деген пікірде.
«Самұрық-Қазына» 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қаржы қорытындындысын шығарды.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының 2023 жылғы таза пайдасы 1,8 трлн. теңге деңгейінде күтілуде. Мұнай және газ нарықтарында қалыптасқан жағдайды және өндірістік көрсеткіштерді жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларды ескеретін болсақ, бұл жақсы нәтиже», – деді ол брифингте.
2022 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры 1,922 трлн теңге таза пайда тапқан. Осылайша, қордың таза кірісі биыл 5,1%-ға төмендейді. Бұл ретте 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайдасы 1,03 трлн теңгені құраған. Шілде айында 2023 жылғы таза пайдасы 1,939 триллион теңгені құрайды деген болжам жасалған.
Мемлекеттік холдингтің қаңтар-маусым айларындағы түсімі 6,2%-ға, 7,147 трлн теңгеге дейін қысқарған. Оған мұнай бағасының арзандауы (қаңтар-маусым айларында кірістің 712 млрд теңгеге азаюы), ішкі нарыққа газ жеткізу үлесінің артуы, мұнай өнімдерімен операциялардан түскен кірістің 138 млрд теңгеге қысқаруы, тазартылған алтынды сатудан түскен кірістің 132 млрд теңгеге қысқаруы себеп болған.
Бұл ретте мемлекеттік холдинг жүк тасымалдаудан түсетін кірісті 225 млрд теңгеге, уран өнімдерін сатудан 127 млрд теңгеге, әуе тасымалынан 53 млрд теңгеге, энергия сатудан 43 млрд теңгеге және телекоммуникация қызметінен 24 млрд теңгеге арттырған.
«Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар.