Жаңалықтар

Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет – Тоқаев

Фото: shutterstock.com

Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандырады деп пайымдайды. Бұл жайлы Digital Bridge форумындағы баяндамасында айтып өтті.

«Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді. Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады.

«Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын», – деді ол.

Қазір әлемде жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Президенттің пайымдауынша, Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек.

«Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату», – деді ол.

Жалпы, 2026 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығының айналымы 900 млрд долларға жетпек. International Data Corporation зерттеу ұйымының болжамынша, 2022-2026 жылдар аралығында жасанды интеллект саласындағы шешімдер нарығы жыл сайын 18,6 пайызға өсім көрсетіп отырады.

Президент бұған дейін Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу деген еді.

«2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өссе, IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Қазақстанның басты мақсаты – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса түседі»,- деді .

Жақында бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылғаны хабарланған. Awara IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл  соңына дейін жасанды интеллекті дамыту стратегиясын жарияланынын мәлімдеген.