Ресей өзінің «шетелдік агенттер» тізімін Қазақстанға бермек

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Ресей Думасының елдің ішкі ісіне шет мемлекеттерінің араласу фактілерін тексеру жөніндегі комиссиясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясындағы серіктестеріне «шетелдік агенттердің» тізімін бермек. Комиссия төрағасы Василий Пискаревтің айтуынша, бұл тізім «көршілерді қызықтыруы мүмкін». Оған шетелдік 110 ҮЕҰ кірген.

Пискарев Ресейде «шетелдік мүддені» қорғайтындар туралы ақпарат ТМД елдерін де қызықтыруы мүмкін деп санайды.

«Біздің ойымызша, Достастық елдері парламентшілерінің басты міндеті – шетелдіктердің елдің ішкі ісіне араласу әрекеттеріне бірлесіп қарсы тұру. Біз ТМД елдеріндегі серіктестерімізге Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін 110 шетелдік ҮЕҰ-ның тізімін береміз», – дейді ол.

Айта кетейік, Ресей Федерациясында шетелдік агент ретінде танылған ресейлік өнерпаз Максим Галкинге Астана мен Алматыда концерт беруге рұқсат етілмеді. Өнерпаздың айтуынша, Қазақстанда «оның қойылымдарына айтылмаған тыйым» бар. Ол бірнеше ай бойы концертіне рұқсат алуға тырысқанымен, белгілі бір қиындықтарға тап болғанын айтты.

Галкин Астанада 8 қазанда, Алматыда 9 қазанда өнер көрсетуі керек еді. Бірақ тамыз айының соңында Астана Мәдениет басқармасы «Қазақконцерт» 8 қазанда Ұстаздар күнін тойлауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде қазақстандықтардың наразылығынан кейін концертті ұйымдастырушылар өтінішті қайта қарауға уәде берді.

Алайда қазан айының басында Алматы мен Астана билігі сол күні шоумен өнер көрсетуі тиіс Республика сарайы мен Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Максим Галкин Instagram парақшасында Алматы мен Астананың залдарындағы су құбыры мен сахнаның «бір сәтте» істен шыққанына таң қалды.

Максим Галкин Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресейден кетіп қалды. 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей билігі оны «саяси қызметпен айналысқаны үшін» шетелдік агенттер тізіміне енгізді. Пародист бірнеше рет Украинадағы соғысқа қарсы шығып, кейіннен концерт бере бастады, олардан түскен қаражат украиндық босқындарға көмектесуге бағытталды.

Биыл қыркүйек айында Қазақстан билігі «шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін» жариялады.

Тізімге әртүрлі компаниялардан бөлек, құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ кіреді. Бұл тізімге бірнеше қазақстандық журналис мен блогерлер де кірді.

Тізімде «MACA Media» ЖШС (сайт masa.media), «Malim Media» ЖШС (malim.kz веб-сайты) бар. Сондай-ақ оған «Қазақстанның жастар ақпарат қызметі» қоры, «Ар.Рух.Хак», «Қадыр-Қасиет» ұйымдары, MediaNet халықаралық журналистика орталығы, «Халықаралық құқықтық бастама», FemAgora, «Еркіндік қанаты» қоры, Zertteu Research Institute, «Эхо» қоғамдық ұйымы, PaperLab зерттеу орталығы, CAPS Unlock қоры енген.

Сондай-ақ оқыңыз