«Елбасы» cөзі әскери жоғары оқу орнының атауынан алынады: Сенат заңды мақұлдады
«Тұңғыш президент және Елбасы туралы» заңның өзгеруіне байланысты Астанадағы әскери ЖОО-ның атауы өзгереді. Бұл туралы Сенат кулуарында сенатор Бекбол Орынбасаров мәлімдеді.
Бейсенбі күні Сенат отырысында депуттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдаған еді.
Сенатор Геннадий Шиповских бұл заңда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», сондай-ақ «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңдарға түзетулер енгізіліп, жетілдіру көзделгенін айтты.
Осыған орай, «Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің» атауын Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы заңның нормасына сәйкес келтіру керек болған.
«Сенаторлар осы университетің атауындағы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті, Елбасының» есімі деген сөздерді «Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы туралы конституциялық заңның» қолданылуын тоқтатылуына байланысты «Қазақстан Республикасы» деген сөздермен ауыстыруды ұсынды», деді Бекбол Орынбасаров.
Осылайша, бұл әскери оқу орнынының атауынан «Қазақстан республикасы Тұңғыш президенті, Елбасы» деген сөздер алынып тасталады.
«Енді оқу орны Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті, Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс универитеті деп аталса, енді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс универитеті деп аталады», деді сенатор.
Айта кетейік, бұған дейін Әділет министрі Азамат Есқараев,«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңымызда экс-президентке тиісті кепілдіктер қарастырылған. Оған сәйкес, экс-президент тұрғын үй және көлікпен қамтамасыз етілуі керек. Президент туралы Конституциялық заңда бұл нақты көрсетілген«, деп мәлімдеген болатын.
Еске сала кетсек, 15 ақпан күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.
Сонымен бірге Қазақстанда мемлекет басшысына тікелей есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың наградаларына қатысты Президент Жарлығына өзгерістер енгізілмек. Осыған байланысты олар кейбір медальдардың атауларынан Елбасы мәртебесін алып тастау жоспарланған.
Ал 29 маусымда Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.